Ақтөбе тұрғындары екінші апта бойы толассыз жауған нөсер салдарымен күресіп жатыр. Көшелер тасқын суға толып, аулалар мен тұрақтар су астында қалды, ал кейбір көпқабатты үйлердеді пәтерлерді су басып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбеліктердің айтуынша, кейбір аудандардағы жағдай жаңбырдан гөрі су тасқыны зардабына көбірек ұқсайды.
Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатқанымен, жауын-шашын көлеміне әзірге шамасы жетер емес.
Су жолдарға жиналып, аулалар мен үй маңын басып қалған. Көліктер көше ортасында өшіп қалып жатыр.
Әсіресе көпқабатты үйлердегі жағдай өте ауыр. Толассыз жауын салдарынан су шатыр мен техникалық қабаттар арқылы өтіп, кіреберістер мен пәтерлерге жайылған.
Аз Наурыз көшесіндегі № 8 үйдің тұрғыны Вера Ермолаева бірнеше күннен бері ұйқыдан қалған. Тоғызыншы қабаттағы зейнеткердің пәтерін бірнеше күн қатарынан су басып жатыр.
Оның айтуынша, төбеден су тоқтаусыз ағып тұр, шелектер мен табақтарды әр жарты сағат сайын босатуға тура келеді.
Бірнеше күн бұрын жағдай мүлдем қиындап кетті. Пәтердегі тұрақты ылғал салдарынан электр сымдары қысқа тұйықталып, ұшқын шыға бастаған.
Қысқа тұйықталу мен ықтимал өрттің алдын алу үшін 77 жастағы әйел электр қуатын толығымен өшіруге мәжбүр болды.
"Қысқа тұйықталу басталып, ұшқын шашырады. Немерем "Әже, бұлай болмайды, өрт шығуы мүмкін" деді. Содан кейін пәтердегі жарықты өшірдік. Міне, бес тәуліктен бері майшаммен отырмыз. Ал жаңбыр болса басылар емес. Сауылдап құйып тұр. Түні бойы су жинаумен боламын, жатып демалуға да мұрша жоқ. Табақ пен шелектерді қойып қойдым. Маған еңкеюге болмайды, инсульт алғанмын, бірақ амалсыз әр жарты сағат сайын оларды босатып тұрамын. Әйтпесе үйді мүлдем су басады. Сұмдық жағдай", - деді Вера Ермолаева.
Қаланың коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Мамандар тәулік бойы су сорып, нөсер жүйелерін тазартып, қолайсыз ауа райы салдарын жойып жатыр. Алайда жауған жауын-шашын мөлшерінің тым көптігінен техника жаңадан су басқан орындарға үлгермей жатыр.
"Техника түні бойы үзіліссіз жұмыс істеді. 130 мың текше метрден астам су сорылды. Қала аумағында жаңбыр мен еріген қар суын ағызу үшін 30 арнайы орын белгіленіп, бес сорғы станциясы жұмыс істеп тұр. Жұмыс тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Қазгидромет мәліметінше, алдағы аптада өңірде қатты жауын-шашын болу ықтималдығы сақталады. Бұл ретте өткен кезеңде жауған жауын-шашын мөлшері жылдық климаттық нормаға жақындап қалды", - деп хабарлады Ақтөбе әкімдігі.
Сонымен қатар синоптиктер қазіргі жаңбыр жаздың басы үшін қалыпты көрсеткіштен асып түскенін айтады.
"Кейінгі төрт күнде Ақтөбеде 51,1 миллиметр жауын-шашын түсті. Орташа айлық норма 30 миллиметрді құрайды. Тек 3 маусымның өзінде қалада 32,7 миллиметр жауын-шашын жауды, бұл айлық нормаға сәйкес келеді", — деді "Қазгидромет" РМК Ақтөбе облыстық филиалының инженер-синоптигі Аида Тілеубергенова.
Метеорологтардың болжамы бойынша, жауын-шашын алдағы күндері де жалғасады. Яғни, коммуналдық қызметтер мен қала тұрғындары әлі де қолайсыз ауа райы салдарымен күресуге мәжбүр болады. Дегенмен жаңбырдан кейін өңірде ауа райы тағы бір тосын мінезін көрсетпек. Синоптиктер маусымның ортасында ауа температурасы 40 градусқа дейін күрт көтерілетінін болжап отыр.