25 маусым 2020 | 13:34

"Мазақ етпейік". Тоқаев қазақ тілін білмейтіндерге түсіністікпен қарауға шақырды

Фото: Тұрар Қазанғапов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейтудің төрт жолын атады. Бұл туралы ол "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейтудің төрт жолын атады. Бұл туралы ол "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазақстан президенті "қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ" екенін атап өтті. Осы орайда ол қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту үшін не істеу керегін айтты.

Реклама
Реклама

"Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс", - деді Президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауға шақырды.

"Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі", - деді ол.

Мемлекет басшысы қазақ тілін білмейтін қазақстандықтарға түністікпен қарау керегін айтты.

"Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар, ол қазақ тілінде сапалы материалдар дайындау керегін атап өтті.

"Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет", - деді Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясы кезіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына қатысты және елдегі митингілер туралы пікір білдірген еді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная