ПОДЕЛИТЬСЯ
07 маусым 2023 | 17:51
"Мектепті 15 миллионға сатқан". Алматы облысы әкімдігі депутаттың мәлімдемесіне жауап берді
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында ауыл мектебі 15 миллион теңгеге сатылғанын айтты. Бұл ақпаратқа облыс әкімдігі жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында ауыл мектебі 15 миллион теңгеге сатылғанын айтты. Бұл ақпаратқа облыс әкімдігі жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Толықбай Мәжіліс отырысында мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, оқиға Қарасай ауданы Шалқар ауылында болған. Әкімдік сату алдында оқу орнының ғимаратын жөндеп үлгерген.
"Сіз елдегі мектептердің жағдайы туралы айтып отырсыз. Мен сізге бір қорқынышты факт айтайын. Біз бар мектептердің өзін сатып жатырмыз. 250 орындықты Ломоносов мектебі туралы айтып отырмын. Соңғы жылдары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа спорт залы салынды. Ауыл балалары қуанып жүргенде, мектеп жекеменшікке сатылып кетті. Кім сатты? Әрине әкімдік. Басқа кім болушы еді. Кейін мектеп 80 миллион теңгеге қайта сатылды. Бұл ауылда қирап тұрған үйдің өзі 17 миллион теңге болса, мұнда тұтастай бір мектеп бар жоғы 15 миллионға сатылып кеткен. Бұл - сұмдық.
Мен прокуратурадан олардың қайда қарап отырғандарын сұрадым. Олар ештеңе істей алмайтынын, сот олардың арызын қабылдамай қойғанын айтты. Сондықтан, Алматы облысының әкімінен мектепті тез арада мемлекет меншігіне қайтаруды талап етемін. Әйтпесе, бұл іске қатысы бар барлық есімді атайтамын. Екі ай уақыт береміз", - деді Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.
Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы пікір алу үшін Алматы облысының әкімдігіне жүгінді. Әкімшіліктің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Шенеуніктердің айтуынша, Ломоносов мектебінің ғимараты тозығы жеткен және пайдалануға жарамсыз деп танылған.
"Бұл мәселе Алматы облысы екі аумақтық-әкімшілік округке бөлінбес бұрын туындады. Мектеп Қарасай аудандық қаржы бөлімінің балансында болды. 2017 жылы 600 орындық жаңа мектеп салынды. Шалқар қаласының тұрғындарының саны көп емес сондықтан бір ғана мектеп жеткілікті.
Аудан әкімінің 2018 жылғы 12 қаңтардағы шешімімен қаңырап бос тұрған 250 орындық ескі мектеп пен оның 75 сотық жер телімі "Қарасай тұрғын үй құрылысы" ЖШС балансына берілді. Бұл оның жарғылық капиталын ұлғайту мақсатында жасалды. Одан әрі 13 ақпанда мектеп пен жер телімін сатып алған серіктестік пен жеке тұлға арасында сатып алу, сату шарты жасалды", - деді облыс әкімдігі өкілдері.
Қазір аудан прокурорлары сотқа беріп, мектепті жекенің қолына беруді тоқтатуды талап етіп жатқаны айтылды.
"Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындардың бастамасымен Қарасай аудандық прокуратурасы қаңырап бос тұрған ескі мектеп ғимаратын мемлекет меншігіне қайтару мақсатында қабылданған шешімдер туралы арыздарын берді. Сот отырысы 25 мамыр мен маусымда өтті. Келесі сот отырысы 9 маусымға белгіленді", - деді шенеуніктер.
Жаңа мектепке келетін болсақ, онда қазір 1056 бала екі ауысымда білім алып жатыр. Мұнда асхана мен спорт алаңы бар. "Шалқар орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қарасай ауданы білім бөлімінің балансында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также