ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 23 маусым 2026 19:32
“Мен Брюссельге ынтымақтастығымызды тереңдету мақсатында келдім“ - Тоқаев ЕО көшбасшыларымен кездесуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕО көшбасшылары Антониу Коштамен және Урсула фон дер Ляйенмен жүргізген келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыс екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.
"Өзара сенім мен құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге сан қырлы ынтымақтастығымызды ортақ мүддеміз бар барлық салада тереңдету мақсатында келдім. Жаңа ғана қол қойылған маңызды келісім мен меморандумдар ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бейіл екеніміздің айқын дәлелі. Бүгінгі келіссөз қорытындылары Қазақстан-Еуропа қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ЕО арасында аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог жолға қойылғанын айтты. Сондай-ақ еліміздің аймақта бірінші болып ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойып, ратификациялағанын еске салды.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды.
"Бүгінде ЕО Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Еуропалық компаниялар экономикамыздың түрлі саласына зор үлес қосып келеді. Олардың табысы еуропалық бизнестің Қазақстанға деген сенімін байқатады. Біз Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы сенімді серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Сондай-ақ еуропалық инвесторлар үшін тұрақты әрі тартымды инвестициялық климат жасауға ұмтыламыз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика байланыстарын нығайту мәселелеріне тоқталды Атап айтқанда, Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдары (Орта дәліз) және ЕО-ның Global Gateway бастамасын ұштастыру перспективасына назар аударды, сондай-ақ еліміздегі бірқатар ірі көлік-инфрақұрылым жобасына еуропалық серіктестердің қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.
Президент Қазақстанда айтарлықтай мол қоры бар аса маңызды шикізат материалдары саласы ынтымақтастықты дамытуға кеңінен мүмкіндік береді деп санайды. Еліміз өңдеу өнеркәсібіне, технология трансферіне және бірлескен өндірістік жобаларға еуропалық инвестиция тартуға ниетті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен энергетика, соның ішінде атом, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы, су қауіпсіздігі және климат күн тәртібі секілді бағыттарда ықпалдастықты одан әрі арттыруға мүдделі екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестіктің тағы бір маңызды саласы ретінде білім беру, ғылым, мәдениет және азаматтар арасындағы қарым-қатынас сияқты гуманитарлық өлшемдерді атады.
"Қазақстан Erasmus+, Horizon Europe және басқа да білім беру мен зерттеу бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқанын жоғары бағалайды. Біз алдағы уақытта да еліміздің университеттері мен еуропалық жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікке қолдау көрсетеміз. Қазақстан Horizon Europe бағдарламасы аясындағы қауымдастырылған ел мәртебесін иеленуге ниетті, – деді Мемлекет басшысы.
Президент визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің аяқталғанына ерекше ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қазақстандағы саяси жаңғыру бағдарламасына дәйекті түрде қолдау көрсеткені және еуропалық тараптың басқару, инновация мен орнықты экономикалық даму салаларындағы озық тәжірибелерімен бөлісуге әзірлігі үшін ЕО жетекшілеріне алғыс айтты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өңіраралық серіктестікті нығайтудың нақты тетігіне айналған "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" диалог платформасы маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
Айта кетейік, 23 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия премьер-министрі Барт де Вевермен кездесті. Тараптар екі ел ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективасын талқылап, саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды.
Тоқаев Бельгия королі Филипті Қазақстанға шақырды
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу