ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәліге қатысты тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік ақпаратынша, 2021–2024 жылдар аралығында Мөлдір Сүйіншәлі Nura Elite коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан.
Жоба аясында 37 коттедж және 24 таунхаус салу көзделген. Алайда таунхаустар толық аяқталмаған (тек қаңқалары ғана тұр), 2023 жылдың 4-тоқсанына дейін аяқтау жөніндегі міндеттемелер орындалмаған.
Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған.
"Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші ретінде танылып, тартылған қаражаттың жалпы сомасы 3,9 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде 322 миллион теңге Мөлдір Сүйіншәлі, жұбайының және анасының есеп шоттарына аударылған, сондай-ақ 145 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған", - делінген хабарда.
Сондай-ақ ҚМА бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату фактісі анықталғанын атап өтті.
"Мәселен, жәбірленуші толық төлеген коттедждің бірі күдікті тарапынан жеке міндеттемелері бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған. Сүйіншәлі Мөлдір сатыпалушылармен іс жүзінде жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасасқан, алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған", - деді агенттік.
Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астана қаласында "Асылхан" тұрғын үй кешенін салуға арналған жертелімін сатып алуға жұмсалған.
Сонымен қатар құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың "Біз біргеміз" қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған.
Соттың санкциясымен оған үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр.
Перизат Қайраттың ісі
Перизат Қайрат - қазақстандық қоғам қайраткері және кәсіпкер. Үш жыл бойы ол Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорын басқарған.
2024 жылдың қарашасында Қайрат 1,5 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналғаны айтылды. Бірақ тергеу нұсқасы бойынша, қаражаттың бір бөлігі Қайраттың жеке шығындарына - элиталық жылжымайтын мүлік, автокөліктер мен саяхаттарға жұмсалған.
Қор қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін Қайрат туыстарын тартқан. Іс бойынша оның анасы Ғайни Алашбаева да сыбайлас ретінде өткен.
2025 жылдың наурызында оның Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры сот шешімімен жойылды.
16 шілдеде іс бойынша жәбірленушілер сотқа әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, қайырымдылық көмек көрсетуге шешім қабылдағандарын айтты. Сондай-ақ сотта тергеу амалдары барысында тәркіленген мүліктің тізімі оқылды.
Нәтижесінде Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның анасы Гайни Алашбаева 7 жылға сотталды.