Мобильді аударымдарды тексеру: салық органдарынан кімдерге хабарлама келе бастады?

Мобильді аударымдарды тексеру: салық органдарынан кімдерге хабарлама келе бастады? Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Салық органдары мобильді аударым деректері бойынша салықтан жалтаруы мүмкін деп күдікке ілінген қазақстандықтарға хабарлама жібере бастады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салық органдарынан хабарлама ала бастаған азаматтардың үш негізгі санатын атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Салық органдары мобильді аударым деректері бойынша салықтан жалтаруы мүмкін деп күдікке ілінген қазақстандықтарға хабарлама жібере бастады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салық органдарынан хабарлама ала бастаған азаматтардың үш негізгі санатын атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Біржановтың айтуынша, бірінші тоқсандағы мобильді аударымдар бойынша мәліметтер салық органдарына сәуірде келіп түскен. Өңдеу жұмыстарынан кейін, мамырдан бастап қазақстандықтарға хабарламалар жолдана бастады.

Вице-министрдің сөзінше, мониторингке бірнеше санат ілігеді.

Жарнама
Жарнама

Бірінші - кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысқа ұқсас қаражат алатын жеке тұлғалар;

Екінші - оңайлатылған салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер. Олардың есеп беру мерзімі - бірінші жартыжылдық үшін, сондықтан олар анықталған сомаларды декларацияда ескере алады;

Үшінші - жалпыға бірдей белгіленген режимдегі жеке кәсіпкерлер. Олар декларацияны жыл қорытындысы бойынша тапсырады және бұл сомаларды есептілікке қоса алады.

Біржанов қазіргі уақытта салық органдары сервистік модель бойынша жұмыс істеп жатқанын, яғни бірден айыппұл салмай, алдымен ескерту жасайтынын баса айтты.

"Біз: "Бұл табысты көріп отырмыз, жақында декларация тапсыру мерзімі келеді. Өтінеміз, оны декларацияға қосыңыз. Егер сіз жеке тұлға болсаңыз және тіркелмеген болсаңыз - есепке тұрыңыз" деп айтамыз", - деп түсіндірді вице-министр.

Оның айтуынша, бүгінде жеке тұлғаларға да, жеке кәсіпкерлерге де қатысты ешқандай айыппұл санкциялары қолданылған жоқ.

"Біз оларға болашақта өз декларацияларында қателіктерді түзетіп, осы табысты енгізуге мүмкіндік бердік", - деді Біржанов.

Шенеунік бірінші кезеңде хабарламалар жеке тұлғалар мен бейрезиденттерге жіберілгенін нақтылады. Жеке кәсіпкерлерге хабарламалар салық төлеушінің кабинеті арқылы келеді. Ол хабарламалардың нақты санын атамады.

Сонымен қатар Біржанов адамның өзіне-өзі жасаған аударымдары мониторингке ілінбейтінін айтты.

Сондай-ақ вице-министр жеке кәсіпкерлер өз қызметі үшін бөлек банк шотын пайдалануы тиіс екенін еске салды.

"Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, сізде жеке тұлғаның шоты емес, бөлек банктік шот болуы керек. Егер бұл кәсіпкерлік мақсатта болса, ақшаны жеке шоттар арқылы жіберуге болмайды", - деді Біржанов.

Айта кетейік, бұған дейін салық органдары тіркелмеген кәсіпкерлік қызмет көрсетуі мүмкін қазақстандықтардың тізімін қалыптастыра бастағаны хабарланған болатын. Хабарламалар мамырда жіберіле бастайды деп күтілген еді.

Еске салайық, салық органдары мобильді аударымдарды тексеріп, олардың қайсы үш негізгі критерийге сәйкес келетінін қарастырған болатын:

  • 100 және одан да көп түрлі тұлғадан келген аударымдар;
  • 3 ай ішінде;
  • жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асатын болса.
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама