Қазақстанда байланыс қызметтерін көрсету ережелері өзгереді. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тиісті түзетулер енгізді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
ЖИ министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, жаңа нормалар 28 маусымнан бастап күшіне енеді. Олар ақылы қызметтерді қосуға, жарнамалық хабарламаларға және балаларға SIM-карта рәсімдеуге қатысты болмақ.
Енді байланыс операторлары абоненттің екі мәрте растауынсыз қосымша ақылы қызметтер мен интернет-опцияларды қоса алмайды. Келісімді жеке кабинет, SMS, телефон қоңырауы немесе USSD-сұраныс арқылы беруге болады.
Тағы бір өзгеріс өткізіп алынған қоңыраулар туралы хабарлау үшін қолданылатын "маяктарға" (немесе автоқоңырауларға) қатысты. Бұрын техникалық шектеулерге байланысты бұл қызметтен бас тарту қиын болса, енді операторларға мұндай хабарландыру форматын пайдалануға толықтай тыйым салынды. Оның орнына абоненттер өткізіп алынған қоңыраулар туралы SMS-хабарлама алатын болады.
Сонымен қатар пайдаланушылар байланыс операторларының жарнамалық және ақпараттық хабарламаларынан бас тарта алады.
Өзгерістер 14 жасқа толмаған балаларға нөмір тіркеу тәртібіне де енгізілді. Енді балаға SIM-картаны тек оның заңды өкілдері биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана рәсімдей алады. Бұл ретте бір кәмелетке толмаған балаға тек бір нөмір ғана тіркеуге рұқсат етіледі.
Министрлік жаңа ережелер тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және цифрлық сервистердің сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда өткізіп алынған қоңыраулар кезінде автоқоңырау функциясын пайдалануға тыйым салынатынын хабарлаған болатын.