"Бәйтерек" холдингінің басшысы Рустем Қарағойшин әкесі Тимур Қарағойшинмен мүдделер қақтығысы туралы қойылған сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте журналист: "Сіздің жұмысыңыздың бір бөлігі құрылыс саласына қатысты. Ал сіздің әкеңіз Тимур Қарағойшин құрылысқа тікелей қатысы бар мемлекеттік сараптаманы басқарады. Мұндай жағдайда жұмыстарыңызда мүдделер қақтығысы туындамай ма?" – деп сұрады.
Бұл сұраққа жауап бере отырып, Рүстем Қарағойшин өз қызметі әкесінің мүдделерімен ешқандай байланыспайтынын айтты.
"Мұндай мүдделер қақтығысы туындамайды. Өйткені біздің холдинг қаржы саласында жұмыс істейді, біз "Отбасы банк" арқылы халыққа несие береміз. Бұл екі мекеме қызмет тұрғысынан қиылыспайды. Қазақстан тұрғын үй компаниясы да аймақтарды облигациялар арқылы несиелендіреді. Сондықтан біздің мүдделеріміз тоғыспайды", – деді ол.
Айта кетейік, Рүстем Қарағойшин 2024 жылдың ақпанында "Бәйтерек" холдингінің басшысы болып тағайындалған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!