Мәжіліс депутаты Абзал Құспан экологиялық тексерулер кезіндегі процедуралық олқылықтардың салдарынан мұнай компаниялары айыппұлдардан жалтаруы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл мәселе Мәжілістің жалпы отырысында экологиялық мәселелер бойынша заң жобасын бірінші оқылымда қарау кезінде көтерілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Құспан мұнайдың ел үшін ең маңызды ресурс болып қала беретінін, алайда батыс өңірінің жұртшылығы мұнай өндірудің экологиялық зардабын тартып отырғанан айтты.
"Біздің мұнай - біздің бағымыз да, сорымыз да. Бүкіл Қазақстанды асырап отырғаны не керек, батыс өңірінің жұршылығы осы мұнайдың зардабын тартудай-ақ тартып отыр", - деді депутат.
Ол Кәсіпкерлік және Экологиялық кодекстер нормасы арасындағы алшақтыққа алаңдаушылық білдірді. Депутаттың айтуынша, Кәсіпкерлік кодексте тексерулер жүргізу және мұнай қызметінің салдарын жою мәселелерін қоса алғанда, бір ай бұрын ескерту беру процедурасы қарастырылған.
Депутат Құспан "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясын мысалға келтірді. Оның сөзінше, 2024 жылы компанияға экологиялық заңбұзушылықтар үшін бірнеше миллиард теңге айыппұл салынған, алайда процедуралық мәселелерге байланысты айыппұлдарды өндіріп алу қиындауы мүмкін еді.
"Осы мәселе шешімін тапты ма?", - деп сұрады депутат.
Бұл сұраққа Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жауап берді. Ол бұл мәселе тек мұнай секторына ғана емес, I және II қауіптілік санатына жататын барлық нысанға қатысты екенін айтты.
"Бұлар енді аса қауіпті және қауіпті нысандар болып есептеледі", - деді Жаңбыршин.
Оның айтуынша, заң жобасында бақылау, қашықтан бақылау және мониторингтік бақылау нормалары қарастырылған. Егер қашықтан бақылау аясында заңбұзушылықтар анықталса, айыппұлдар бірден салынбайды, бірақ бұл тексеру жүргізуге негіз болады.
Жаңбыршин қазіргі тексеру процедурасы уақытша алшақтық тудыратынын мойындады: тексерулерді прокуратурада тіркеу қажет, ал бұл уақытты қажет етеді.
"...уақыт кетеді, жаңағы компаниялар өздерінің бүлдірген заттарын жасыруы мүмкін, немесе жел соғып, жаңа айтып отырған улы газдарды алып кетуі мүмкін", - деді ол.
Жаңбыршиннің айтуынша, депутаттар осы олқылықтың орнын толтыруы тиіс түзету енгізуді ұсынды.
"Бұл қазір қорытынды алуы керек. Үкіметпен жұмыс жасап жатырмыз. Түсінік бар. Екінші оқылымға дейін бұл мәселеге нүкте қоятын шығармыз", - деді депутат.
Мән-жайы
Бұған дейін "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на 32 миллиард теңге айыппұл салынғаны туралы жазған болатынбыз. Маңғыстау облыстық прокуратурасы мәліметінше, заңбұзушылықтар сарқынды суларды жер қойнауына ағызу, бұрғылау қалдықтарын белгіленген лимитсіз жинақтау, сондай-ақ мұнай жылыту пештерінен ластаушы заттардың нормадан тыс шығарындыларымен байланысты болған.
Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерінің төгілгені хабарланған болатын. "ҚазМұнайГаз" сол кезде зауытта тауарлық автобензин компоненттерін айдау желісінде ақау табылғанын, ал жауапты қызметтер құбырды резервуардан ажырату бойынша шаралар қабылдағанын мәлімдеді.
Мұнай-газ саласына экологиялық бақылау орнату тақырыбы Қазақстандағы мұнай өндірудің басым бөлігі шоғырланған батыс өңірлер үшін өте өзекті болып қала береді.