Наурызда Қазақстанда демалыс күндерінің саны артуы мүмкін. Бұл туралы мәжілістегі брифинг кезінде әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
15 наурызда Қазақстанда республикалық референдум өтеді. Егер азаматтардың көпшілігі жаңа Конституция жобасын қолдаса, бұл күн 30 тамыздың орнына Қазақстандағы жаңа мереке әрі демалыс күні болуы мүмкін.
"94-бап (жаңа Конституция жобасында - еск.) дәл осы мәселеге арналған, екінші тармағында: "Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке болады" деп көрсетілген. Яғни, егер халық дауыс беріп, Конституцияның жаңа редакциясын қолдаса, 15 наурыз Конституция күні болып есептеледі. Тиісінше, сіз айтып отырған 30 тамыз күшін жояды. 15 наурызда азаматтарымыз қабылдайтын шешімге сүйенеміз", - деді Ерлан Сәрсембаев.
Журналистер "биыл 30 тамызда Конституция күні болмай ма" деп нақтылап сұрады.
"Мұның бәрі республикалық референдумның қорытындысына байланысты", - деп қысқа жауап берді министр.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 15 наурыздағы референдумда жаңа Конституция қабылданса, онда 30 тамыз мерекелік демалыс күні болмай қалуы мүмкін екенін растаған еді.
"Егер Конституция күні мемлекеттік мерекесі өзге күнге бекітілсе, тиісті заң күшіне енген күннен бастап, 30 тамыз мемлекеттік мереке мәртебесін жоғалтады", - деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, 2026 жылы қазақстандықтарды 119 демалыс және 246 жұмыс күні күтіп тұрған еді. Енді биыл демалыс күндерінің саны бір күнге қысқаруы мүмкін.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!