Назарбаев қазақстандықтарды не алаңдататынын айтты
Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды қандай мәселелер алаңдататынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды қандай мәселелер алаңдататынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Халықты не алаңдатады? Әлеуметтік зерттеулер көрсетіп берді. Мәселелер арасынан астын сызып қойғанымыз: коммуналдық қызметтердің аса қымбат екені, медицина мен білім берудегі қымбатшылық. Осы пункттердің барлығын зерттеп шығу керек", - деді Назарбаев Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінде.
"Мен Жолдауда әдейі айтқан болатынмын, жалақыны көтеру керек, баспана тұрғызу керек, жұмыспен қамтамасыз етіп, газ жүргізу керек. Мұның барлығы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін. Қоғамда мәселелерді анықтау үшін зерттеу жүргізілді. Мен Бас прокурорға коммуналдық секторды зерттеу туралы тапсырма бердім. Ол тексеріп, нәтижесін анықтады. Сол нәтижелер үшін Қауіпсіздік кеңесін құрдым", - деді Президент.
Бұған дейін Бас прокуратураның алқа отырысында электр қуаты мен жылудың бағасын қалыптастырудағы заңдылық талқыланды. Ол кезде Бас прокурор Мемлекет басшысының қазандағы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және табиғи монополиялар көрсететін қызметтердің ақысын өсірмеу туралы тапсырмасын еске салды.
Тексерулер кезінде еліміздегі көптеген электр станцияның тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасын жоғарлатуға әсер еткен негізсіз тарифтер бойынша ұзақ уақыт жұмыс істегені анықталды. Энергия беруші және жабдықтаушы ұйымдар тарифтерді көтеру арқылы 29 миллиард теңге мөлшерінде пайда тапқан.