ПОДЕЛИТЬСЯ
22 ақпан 2023 | 12:11
"Нүкте қоятын уақыт келді". Премьер-министр Қазақстандағы газдандыру деңгейін сынға алды
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстандағы газдандыру деңгейін сынға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстандағы газдандыру деңгейін сынға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ауылдық елді мекендерден басқа, қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де "көк түтінге көміліп", ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда 2-ші ЖЭО-да жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен "QazaqGaz" компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек", - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселесіне нүкте қоятын уақыт жеткенін айтты. Сондықтан, Энергетика министрлігі "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауы қажет.
Оған қоса Үкімет басшысы 2019 жылы салынған "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, қажетті іске қосу кешендері орнатылғанын айтты. Алайда Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр.
"Бұл өңірлердің тұрғындары газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат деп шағымданады. Бұл осы өңірлерге ғана емес, сонымен қатар газбен қамтылған басқа өңірлерге де қатысты", - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы мысал ретінде Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғындарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келгенін айтты. Түркістан облысының Төле би ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, газ инфрақұрылымының әбден тозуы да – маңызды мәселе.
"Жылу желілері әбден тозып-біткен Екібастұз бен Рудныйдағы жағдайды бәріңіз көріп отырсыздар. Ал газ желілеріне қысым өте жоғары, сондықтан қауіп те жоғары. Магистральдық газ құбырларының басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған және қомақты қаражатты қажет етеді", - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері, әкімдер мен "QazaqGaz" тарапынан бақылау тұрақты болуы тиіс, ал газ инфрақұрылымын жаңғырту және уақытылы жөндеу жұмыстарына басымдық берілуі керек екенін қоса айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также