Нұрайдың өліміне қатысты іс сотқа қашан түсетіні белгілі болды

Нұрайдың өліміне қатысты іс сотқа қашан түсетіні белгілі болды Фотоны қыздың ағасы Сұлтан Серікбай ұсынды

Нұрайдың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу қай кезеңде және материалдар қашан сотқа жолданады? Сенат кулуарында журналистер бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділовтен сұрады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Нұрайдың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу қай кезеңде және материалдар қашан сотқа жолданады? Сенат кулуарында журналистер бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділовтен сұрады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Санжар Әділовтің айтуынша, аталған қылмыстық іс бойынша тергеу маусым айында аяқталады. Содан кейін материалдар сотқа жолданады.

Мән-жайы

Жарнама
Жарнама

Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болды. Бейнебақылау камералары күдіктінің Нұрайдың соңынан еріп барып, пышақ жарақатын салғанын тіркеген. Сондай-ақ қанды оқиғаға дейін бірнеше ай бойы сталкинг (аңду) және алып қашу деректері болғаны анықталды.

Сәуірде күдікті тергеу изоляторынан Алматы облысы Ақтас ауылындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға ауыстырылған болатын.

Отбасының адвокатының бұған дейін берген мәліметі бойынша, 28 жастағы күдіктіге қатысты бірқатар сараптама тағайындалып, ол мамандардың бақылауымен қарқынды ем қабылдаған.

Фото: otyrar.kz

Осы ретте қаза тапқан қыздың туыстары күдікті жүйке ауруын сылтауратып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп қауіптенген еді.

Алайда 30 сәуірде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысы бойынша күдіктінің ақыл-есі дұрыс деп танылғанын хабарлады.

Күдікті қазір қайда?

Марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров Алматы облысындағы сараптамадан кейін, мамырдың басында күдіктінің қайтадан тергеу изоляторына қамалғанын хабарлады.

"Қазір ол Шымкент қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің № 69 мекемесінде отыр. Оның денсаулығы жақсы және іс-әрекетіне жауап бере алады деп танылды", – деп нақтылады адвокат.

Омаровтың айтуынша, жәбірленуші тарап қызды алып қашуға қатысқан күдіктінің туыстарын да жауапқа тартуды талап етіп отыр.

"Біз күдіктінің туыстарын алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып некеге тұруға мәжбүрлегені үшін жауапқа тарту туралы полицияға бірнеше рет арыз түсірдік. Арыздар қабылданды, бірақ мәселе әлі де қаралып жатыр", – деді адвокат.

Бұдан бөлек, адвокат Аянхан Омаровтың сөзінше, қаза тапқан қыздың жақындары 125-1-бап бойынша айыпты 1-бөліктен 3-бөлікке ("Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан некеге тұруға мәжбүрлеу") қайта саралауды сұрап отыр.

Анықтама: 1-бөліктің санкциясы бойынша 2000 АЕК-ке дейін (2026 жылы 8 650 000 теңге) айыппұл, не түзету жұмыстары, не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал 3-бөлік бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айта кетсек, жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында ол полицияның іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент полициясының бастығы Нұрлан Алмасбековтің қызметінен босатылғаны, ал некеге мәжбүрлеу туралы істі тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде бейнежазба тарады, оны Шымкент Полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялады деген болжам бар. Жазбада Нұрай Серікбай өзін некеге тұру мақсатында ешкім ұрламағанын және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Роликте Нұрайдың ер адамға ешқандай шағымы жоқ екені туралы сөздері де естіледі.

Кейбір БАҚ-қа берген сұхбатында бұрынғы полицейлер жұмыстан шығарылуын әділетсіз деп атады.

Отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов тергеу құпиясын бұзғаны үшін жәбірленуші тарап ресми шағым түсіргенін айтты.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама