Нұрлан Қоянбаев: Саясат жайлы әзіл айту оңай емес
"Түнгі студияда" бағдарламасының жүргізушісі, КВН ойыншысы Нұрлан Қоянбаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында "Спарта" командасының Жоғарғы лигада көрсеткен өнері және Нұрсұлтан Назарбаевпен қалай әңгімелескені жайлы, сонымен қатар, кинодағы дебюті жайлы пікірін айтты.
"Түнгі студияда" бағдарламасының жүргізушісі, КВН ойыншысы Нұрлан Қоянбаев Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында "Спарта" командасының Жоғарғы лигада көрсеткен өнері және Нұрсұлтан Назарбаевпен қалай әңгімелескені жайлы, сонымен қатар, кинодағы дебюті жайлы пікірін айтты.
2010 жылы "Казахи" КВН командасы Жоғарғы лигада вице-чемпион атанған болатын. Ал биыл бұл жетістікке қазақстандық "Спарта" командасы жетті.
"Әрине, ойынды қарап, уайымдадым. Біздің "Казахи" деген командамыздан ол жақта Құмар Лұқманов өнер көрсетті, ол әрдайым уайымдап жүреді. Біз де уайымдаймыз. (...) Жеңіске жеткен "Спарта" командасын құттықтаймын. Жоғарғы лигадағы барлық команданың ішінде екінші орын алу да мәртебе. Соншалықты көп команданың ішінде осындай жетістікке жету оңай емес... Әрине, Азия MIX жігіттері тәжірибелі, оларды да құттықтаймын. Елдияр бізбен бірге ойнап бастады ғой", - деді Нұрлан Қоянбаев.
Тележүргізуші "Спартаның" Филипп Киркоровпен бірге өнер көрсеткені ұнағанын айтты. Сонымен қатар, Қоянбаев қазақстандық командаларға чемпион атануға ненің жетіспейтінін атады.
"Чемпиондыққа неге жете алмайтынымыз жайлы ойландым... Білмеймін, бірдеңе жетіспейтіндей. Қазақтар бар мүмкіндігін көрсетуге ыңғайсызданатын шығар. Бірінші орын алу үшін соған сәйкес еңбек ету керек. Мәскеуде көп уақыт тұрып, бар назарды осыған аудару керек шығар. 2010 жылы жеңіске жетуге аз қалдық, сол жақта көп уақыт тұрдық, әрбір жаңалықты қадағалап, қандай әзіл айтсақ екен деп ойлаумен болдық", - дейді ол.
Қоянбаев "Спарта" командасы КВН ойындарына әлі де талай қатысуы керек деп есептейді: "Олар өте жас, күш-жігері мол. Ол жақтың деңгейі жоғары".
"Әрине, өзіміз де барғымыз келді, бірақ әрқайсымыздың өз жұмысымыз бар. Сондықтан шыға алмадық. КВН-ның мерейтойы кезінде "Спарта" командасымен кездескенбіз, басқа да ойыншылармен сөйлестік. (...) Кездесіп тұрамыз, туған күндерде", - дейді Қоянбаев.
Ал "КВН саясиланды және үгітке толы" дейтіндердің пікіріне былай деп көзқарасын айтты: "Иә, мұндай тенденция бар. Біз ненің өзекті екеніне қараймыз. Саясат жайлы әзілдер өзекті. Алайда саясат жайлы әзіл айту оңай емес. Жоғарыдағы адамдар жайлы әзілді сақтықпен айту керек. (...) Бірақ Александр Васильевич барлық әзілді өткізе бермейді. Тек үздіктерін жібереді".
КВН ойындары кезінде Қоянбаев Назарбаевты жиі сомдаған. Тележүргізуші өз өнерін Назарбаевтың көргеніне сенімді. "Президенттің өзінен сұраған жоқпын, бірақ елбасымыздың өте патриот адам екенін білемін, көрген шығар" дейді Нұрлан Қоянбаев.
"Мен КВН-де Қазақстан Президентін бірінші болып сомдағандардың бірімін. Ыңғайсыздау болды. Ешкімнен рұқсат алмадық. Бірақ шектен аспадық", - деді ол.
Нұрлан Қоянбаев Президенттің "Түнгі студияда" бағдарламасына қонақ болып келгені жайлы да айтып берді. Айтуынша, бұл хабар жайлы ол түсірілім жұмыстарына 2-3 күн қалғанда білген.
"(...) Нақты білмедік, келе ме, жоқ па дестік. Келуі мүмкін деп естідік. (...) Не айтамын - эфир өте қызықты болды. Жұмысымызды жалғастыруға сенім берді. Қарапайым жүргізушіге Президент келіп, әзіл бағдарламасында әңгімелесе алатынымызға сендірді", - деп бөлісті пікірін Қоянбаев.
Айта кетейік, 29 желтоқсанда қазақстандық кинотеатрларда Нұрлан Қоянбаев түскен "Бизнес по-казахски" фильмі көрсетіледі.
Фото Тұрар Қазанғапов ©