22 тамыз 2023 | 11:20

"Өнім көлемі азайып қалайын деп тұр". Смайылов қазақстандықтар нансыз қалмайтынын айтты

Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанына дайындық және жемшөппен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанына дайындық және жемшөппен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Премьер-министр егінді уақытында және сапалы жинап алу – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.

"Бірқатар өңірлерде егін орағы басталып кетті. Үкімет тарапынан қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды", - деді Әлихан Смайылов.

Реклама
Реклама

Мәселен, нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағамен (250 теңге/литр) 426 мың тонна дизель отыны бөлінген. 140 миллиард теңге бюджеттік несие беру көзделген. Сондай-ақ, жаңа астықты форвардтық сатып алуға 81 млрд теңге бөлінді.

"Өздеріңіз білетіндей, жаз айлары жылдағыдан ыстық болды. Құрғақшылықтан бірқатар өңірлер зардап шекті. Оларда жиналатын өнім көлемі азайып қалайын деп тұр. Құрғақшылықтың салдарын жою мақсатында шұғыл шаралар қабылданды. Оның ішінде Үкімет резервінен қаражат бөлінетін болады", - деді премьер-министр.

Бұл ретте "Бәйтерек" холдингіне құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несиелері бойынша борыштарды төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтау тапсырылды.

"Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды", - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, ол климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен қауіп-қатерге айналып отырғанын айтты. Сондықтан, Су ресурстарын тиімді пайдалануды күшейту бойынша жол картасын әзірлеу, ал өңірлерге белсенді түрде су үнемдеу технологияларын енгізу талап етіледі. Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі жағдайда жемшөп дайындауға ерекше назар аудару қажет. Қорытындылай келе, Үкімет басшысы астықты дер кезінде тасымалдап, сақтау орындарын дайындау бойынша жұмысты уақтылы жүргізу, сондай-ақ тұрақты бағаны сақтай отырып, жемшөп қорын сапалы дайындау бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram