Ормуз бұғазын бұғаттау мұнай бағасына ғана емес, азот тыңайтқыштарының жеткізіліміне де кері әсерін тигізді. Goldman Sachs есебінде бұл жағдай әлемдегі астық өнімділігінің төмендеуіне және бағаның күрт өсуіне әкеп соғуы мүмкін екені айтылған. Бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етеді және еліміз мұндай жеткізілімдерге қаншалықты тәуелді - Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
Мән-жайы
Таяу Шығыс арқылы өтетін бағаттардағы іркілістер салдарынан тыңайтқыштар мен энергия ресурстарын жеткізуге қауіп төнді. Ормуз бұғазы іс жүзінде жабылды.
Осының салдарынан азот тыңайтқыштарын жеткізуде іркілістер пайда болды. Goldman Sachs есебіне сүйенсек, бұл дәнді дақылдардың өнімділігін төмендетіп, егіс құрылымын өзгертуі мүмкін, бұл сайып келгенде бағаның өсуіне әкеледі деп жазды Reuters.
"Сарапшылардың бағалауынша, тыңайтқыштар тапшылығы азотты кеш немесе тиімсіз қолдану салдарынан егін көлемін азайтуы мүмкін, сондай-ақ аграрийлерді ресурсты аз қажет ететін дақылдарға, атап айтқанда сояға көшуге итермелейді", - деп хабарлады БАҚ.
Goldman Sachs мәліметтері бойынша, қақтығыс басталғалы бері азот тыңайтқыштарының бағасы 40 пайызға өскен. Бұл ретте олар астықтың өзіндік құнының шамамен 20 пайызы болады.
Мәселе мынада: жеткізілімдердің едәуір бөлігі - әлемдік азоттың төрттен біріне жуығы және оны өндіруге қажетті шикізаттың шамамен 20 пайызы қазір іс жүзінде бұғатталған Ормуз бұғазы арқылы өтеді.
Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?
Қазақстан Ормуз бұғазы арқылы келетін азот тыңайтқыштарына қаншалықты тәуелді және бұл өнімділікке қалай әсер етуі мүмкін? Tengrinews.kz редакциясы мұндай сауалдарды Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдады.
Онда Қазақстанның Таяу Шығыс елдерінен тыңайтқыштарды іс жүзінде импорттамайтынын айтып жауап берді. Бұл өңірден негізгі жеткізілімдер басқа мемлекеттерге бағытталған.
"Таяу Шығыс елдерінен (Сауд Арабиясы, Қатар, БАӘ, Кувейт, Иран, Оман) тыңайтқыштар мен оларды өндіруге арналған компоненттердің негізгі сатып алушылары - Үндістан, Тайланд, Қытай, Бангладеш, Пәкістан, Еуроодақ елдері, Бразилия және Африка елдері (ОАР, Кения, Нигерия)", - делінген жауапта.
Қазақстандық зауыттар негізінен өз шикізатымен жұмыс істейді, ал шағын өндірушілер компоненттерді Ресей, Түркия, Қытай, Беларусь және Еуропа елдерінен сатып алады.
"Таяу Шығыстағы қалыптасқан жағдай біздің республикамыздағы өнімділікке тікелей әсер етпейтінін атап өткен жөн", - деп мәлімдеді министрліктегілер.
Сондай-ақ, онда өнімділікке бірінші кезекте ауа райы, ауыл шаруашылығындағы технологиялар және өсімдіктердің өсу жағдайлары әсер ететіні нақтыланды. Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстандағы егіс құрылымы да өзгерген жоқ.
Қазақстандық зауыттар қазір ел сұранысының 56 пайызына жуығын қамтамасыз етіп отыр. Бұл ретте бүкіл тұтынудың 60 пайыздан астамы мемлекет ішінде өндірілетін тыңайтқыштың екі түріне тиесілі - оларды негізінен "ҚазАзот" және "Қазфосфат" шығарады. Олар бірінші кезекте ішкі нарық үшін жұмыс істейді.
Қалған бөлігін жеткізушілер қамтамасыз етеді, олардың саны 360-қа жуық. Негізінен олар тыңайтқыштарды Ресейден (шамамен 73 пайыз) және Өзбекстаннан (шамамен 23 пайыз) тасымалдайды.
Қазіргі уақытта жеткізілімдер іркіліссіз, әдеттегі режимде жүріп жатыр, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Баға жағдайы қандай?
Министрлік мәліметінше, қазақстандық өндірушілердің тыңайтқыштарына баға жыл басында бекітіледі, сондықтан олар күрт құбылмайды.
Ал импорттық тыңайтқыштар әдетте маусымның басында қымбаттайды - ведомство мәліметінше, бұл жыл сайын қайталанатын құбылыс.
"Мұндай жағдай геосаяси ахуалға қарамастан жыл сайын байқалады және жаппай сұранысқа, логистикалық шығындарға (жеткізу тізбегі), валюта бағамдарына және басқа да көптеген факторларға байланысты", - деп түсіндірді АШМ.
Мән-жай
11 сәуірде Иран мен АҚШ Исламабадта келіссөздерді бастады. Алайда келесі күні таңертең АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс келісімге келу мүмкін болмағанын хабарлады.
Сол күні сәл кейінірек Трамп АҚШ Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған барлық кемелерді бұғаттай бастайды. Сондай-ақ ол әскери-теңіз күштеріне мұндай кемелерді қадағалап, өту үшін Иранға ақы төлегендерін ұстауды тапсырды.
Осыдан кейін әлемдік мұнай бағасы өсуін жалғастырды. Brent маркалы мұнайдың бағасы қайтадан барреліне 100 доллардан асты.