Қазақстанда сайлауда дауыс берушілер үшін материалдық ынталандыру енгізілуі мүмкін бе? Бұл сұраққа Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хатшысы Шавкат Өтемісов жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
8 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында "Сайлау туралы" Конституциялық заңға енгізілетін түзетулер қаралды. Кулуарда Өтемісовтен: "Қазақстандықтарды дауыс беруге міндеттеуі мүмкін деген рас па?" - деп сұрады. Сайлаудағы белсенділіктің төмендегені туралы қауесеттер талқылауға түрткі болды.
"Жоқ, жоқ. Сайлаудағы белсенділіктің төмендеуі, әсіресе жастар арасында, өзекті мәселе екенін білетін шығарсыздар. Кейбір батыс елдерінде сайлаушылар жасын 18-ден 16-ға дейін төмендетіп жатыр. Тіпті, адам сайлауға келмегені үшін (сайлау учаскесіне - ред. еск.) айыппұл салынатын елдер де бар", - деп жауап берді Шавкат Өтемісов.
Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде бұл жолмен жүрмейді. Сондай-ақ елде сайлау жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
"Біз бұл жерде көп нәрсе сайлау процесіне қатысушылардың өз белсенділігіне байланысты деп санаймыз. Бұл жағдайда, егер Құрылтай туралы айтатын болсақ, онда саяси партияларға байланысты. Олардың сайлауды қаншалықты белсенді өткізетініне, сайлаушыларды дауыс беру күні учаскеге келуге қаншалықты қызықтыра алатынына қарай қатысу көрсеткіші де өзгереді", - деді Өтемісов.
Содан кейін журналистер билік дауыс берушілердің жекелеген санаттары үшін сыйлықтар емес, төлемдер сияқты ынталандыру шараларын енгізуді жоспарлап отыр ма деп нақтылады.
"Ойлану керек. Неге? Себебі бұл сайлаушыларды сатып алу ретінде қабылдануы мүмкін. Мұның екінші жағы да бар. Сондықтан бұл мәселені ойлану қажет", - деп жауап берді ОСК хатшысы.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы сайлау мен референдум болмаған кезде немен айналысатыны туралы жазған едік.