Өскемендегі "Казмырыш" зауытындағы жарылыстан зардап шеккен тағы бір адам ауруханада қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Казмырыш" 5 мамырда Өскемен металлургия кешенінде болған жазатайым оқиға салдарынан ауыр жарақат алып, зардап шекен қызметкерлердің бірі бүгін түнде ауруханада көз жұмғанын қайғыра отырып хабарлайды", - делінген компания хабарламасында.
Компания марқұмның жақындарына және барлық қызметкерлерге қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Алаңдағы салдарды жою жұмыстары мен мемлекеттік органдармен бірлескен тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Жарылыс туралы не белгілі?
5 мамырда таңертең Өскемен тұрғындарын аспанға көтерілген қою түтін шошытқан болатын. Жарияланған кадрлардан будақтаған қалың түтінді көруге болады.
Кейін ТЖМ хабарлама таратты: "Қазмырыш" ЖШС аумағында шаң жинау қондырғысында жарылыс болып, арты өртке ұласқан және нысанның бір бөлігі опырылған. Оқиға орнына алғаш болып жеткен құтқару бөлімшелері ашық жалынды анықтады.
Құтқарушылар өртті оқшаулады. Өндірістегі төтенше жағдай салдарынан екі адам қаза тапты, тағы бесеуі жарақат алды.
"Қазмырыш" компаниясы мәліметінше, апат себептері мен мән-жайын арнайы комиссия анықтап жатыр.
Өлшеу нәтижелері
"Қазгидромет" филиалының мамандары жарылыс пен өрт туралы хабарламадан кейін 5 мамырда таңертең оқиға орнына барғанын хабарлады.
Атмосфералық ауа сынамалары тұрғын аймақта, санитарлық-қорғау аймағының шекарасында және зауыттан жел соққан бағытта алынды.
Ведомство мәліметінше, үш нүктенің екеуінде зиянды заттардың келесідей концентрациясы анықталған:
"Бірінші нүктеде – Белинский көшесі, 3 мекенжайында хлорлы сутегі бойынша 1,8 ШРК м.р. (хим.талдау) асып кеткені тіркелді. Екінші нүктеде – Асқар тау көшесі, 11 мекенжайында күкіртті сутегі бойынша – 1,7 ШРК м.р. және көміртегі оксиді бойынша – 3,6 ШРК м.р. (тікелей анықтау әдісі) асып кеткені анықталды", – деп хабарлады "Қазгидромет".
Широкая көшесіндегі үшінші нүктеде нормадан асу жағдайлары байқалмады.
Тағы оқыңыз: Өскемендегі зауытта болған жарылыс: зардап шеккендер туралы алғашқы мәлімет пайда болды