Өскемендегі зауыт аумағында шыққан өрт оқшауланды. Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдай салдарынан төрт адам зардап шеккен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ТЖМ-ге сілтеме жасап.
Қазақстан ТЖМ мәліметінше, "Казмырыш" ЖШС аумағындағы өрттің оқшауланғаны айтылған. Қазір құтқарушылар тілсіз жауды толық жою үшін конструкцияларды бөлшектеп, жану ошақтарына су себу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сондай-ақ зардап шегуі мүмкін адамдарды іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
"Алдын ала ақпарат бойынша, 4 адам медициналық мекемеге жөнелтілген. Оқиға орнында жеке құрамнан 40 адам және 10 техника жұмылдырылды. Өрттің аумағы анықталып жатыр", – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Өскемен тұрғындарын аспанға көтерілген қою түтін шошытқан болатын. Жарияланған кадрлардан будақтаған қалың түтінді көруге болады.