09 қыркүйек 2022 | 11:17

"Осында жүріп қазақ тілін меңгердім". Әскерде кімдер борышын өтеп жүр?

Ерте заманнан ел қорғау ісі қашанда абыройлы іс. Қай елде болмасын елін, жерін қорғаған батырлар мадақталып, есімдері мен ерліктері жыр-шумақтарына арқау болып, фильмдер де түсірілген. Kaz.tengrinews.kz порталы бүгінде Қазақстан халқы мен жерін қорғап жүрген азаматтар жайында материал жариялайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Ерте заманнан ел қорғау ісі қашанда абыройлы іс. Қай елде болмасын елін, жерін қорғаған батырлар мадақталып, есімдері мен ерліктері жыр-шумақтарына арқау болып, фильмдер де түсірілген. Kaz.tengrinews.kz порталы бүгінде Қазақстан халқы мен жерін қорғап жүрген азаматтар жайында материал жариялайды.

Әскер - тәрбиенің, тәртіптің және жауапкершіліктің ошағы. Аз уақытта жас сарбаз білмегенін үйреніп, қару-жарақ қолдануды меңгеріп, шыңдалып шығады. Әскери институтта білім алған курсанттар офицерлік өмірді бастан кешіреді. 

Үздік лейтенант

Игембаев Ерқанат Ержанұлы - лейтенант. 2001 жылы 6 шілдеде Қарағанды облысы Қаражал қаласына қарасты Жәйрем кентінде дүниеге келген. 9-сыныптан соң Талғат Бигелдинов атындағы Қарағандыдағы әскери мектеп-интернатына оқуға түсіп екі жыл білім алған.

2018 жылы ҰБТ тапсырып, Алматы қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында 4 жыл бойы білімін шыңдаған. Қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонының 21451 әскери бөлімінде екінші взвод командирі.

Әскери институттар арасында ғылыми жоба жарысына қатысып, бірінші орын алған. Домбыраның құлағында ойнайды, түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Дзюдо күресінен спорт шеберіне үміткер дәрежесі бар.

Оңтүстік өңірлік қолбасшылығында (Шымкенттен Жаркентке дейін) 100-ге жуық лейтенанттар 10 күндік сайыста (танк жүргізу, автоматтан оқ ату, тактикалық сұрақтар және дене дайындығы) бақ сынасқан. Осы байқауда Ерқанат жеңімпаз атанды.

2022 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы бұйрығымен лейтенант шенін алған.

Реклама
Реклама
Үздік барлаушы

Лейтенант Фоменко Дмитрий Борисұлы. Арнайы барлау топ командирі. Есік қаласының тумасы, 1999 жылғы. Құрлық әскерлері институтын алтын белгімен тәмамдаған. Жас лейтенанттар жиынында үздік атанған, грамота және медаль иегері.

"Барлаушылар жиындарының нәтижесінде тиімді тәжірибе алмасамыз. Қажетті нормативтерді орындаймыз. Арнайы жаттығулар, "барлаушы кедергілерінен" өтеміз, қарудан оқ атамыз. Сол себепті жиындардың маңызы өте зор. Әскери адам болу бала кездегі арманым еді. Әскерге дейін жеңіл атлетикамен шұғылдандым және кітап оқығанды жақсы көретінмін. Көптеген ғылыми және тарихи кітаптар оқыдым. Барлаушы болу үшін физикалық дайындығы, моральдық-психологиялық тұрғыдан мықты болу қажет. Қазіргі арманым - генерал болу және Арнайы операциялар күштері (ССО) құрамына ену", - дейді Дмитрий Фоменко.

Үздік қарауыл

Пазухин Даниил Денисұлы. Алматы облысы Талғар қаласының тумасы. 2002 жылы 24 желтоқсанда дүниеге келген. Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР 36-десанттық-шабуылдаушы бригадада борышын өтеп жүр. Әскерде жүрген уақытта оның жары Костикова Галина маусымда қыз босанды. Екі ай өткен соң Даниил он күндік демалыс алып, қызымен көрісуге барды. 

"Әскерге дейін Қапшағай қаласындағы Әуе-десанттық әскердің арнайы қызметі "Каскад" әскери-қолданбалы спорт түрлерімен шұғылдандым. Әскерге өз еркіммен бардым, себебі бала кезден әскери адам болғым келетін. Жұрт айтатын "әлім жеттік" жоқтығы мені таңғалдырды, жалпы қазіргі армия қатты дамыған, тексерістер жиі өткізіледі. Осында жүріп, көзқарасым өзгерді, моральдық және физикалық тұрғыдан мықты болдым. Борышымды өтеп жүріп, қазақ тілін меңгердім. Әскерді жарнамалаймын, бірақ әрбір жігіт өмірінің осы бір кезеңінен өткені дұрыс, ең бастысы сынбау керек. Өмірге келгенде әр адам балабақшада, мектепте, колледж не университетте білім алады, ал әскер бұл жасөспірім кезеңнен ересек өмірге қадам басудың, бозбаладан нағыз ер жігітке айналудың сатысы. Сол үшін де әскерде борышыңды өтеу өте маңызды. Өз басым әскерде жүріп танымал болдым, себебі Қорғаныс министрлігінің құрметті қарауылында қызмет етемін. Ең бастысы - шыдамдылық. Болашақта әскерде қалып, келісімшартпен жұмыс істеуді көздеп отырмын", - дейді Даниил. 

Үздік дауыс

Тәжбаев Ғазиз Серікұлы - Қостанай қаласының тумасы. Ресейдің Екатеринбурге қаласындағы теміржолшылар университетін тәмамдаған. 2021 жылдың күзінен Жамбыл облысы Гвардейск гарнизонындағы №12 танк бригадасында борышын өтеп жатыр. Ант қабылдау кезінде мыңдаған сарбаздар арасынан іріктеліп, офлайн/онлайн түрде ант берген. 

"Оқуда жүргенімде университет құрамасының атынан КВН ойнайтынмын, жолаушылар вагонында жолсерік болып жұмыс істейтінмін. Әскерде жүріп, өзімде айтарлықтай өзгерістерді байқаймын. Көптеген сарбаз мұнда біраз нәрсенің қадірін біледі: уақыт, тәртіп, қолжетімділік. Бұрындары әскер туралы ойым мүлде басқа еді, мұнда келген соң өзгеше екенін байқадым. Жас бала болып келіп, жігіт болып шығатын жер. Мен үшін әскер - ересек өмірге деген терезе болды. Әскери борышымды өтеп болған соң, өз мамандығым бойынша жұмыс іздеймін. Болашақ жарым дәрігер болғанын қалаймын", - дейді Ғазиз.

Үздік фельдшер

Сембин Ернар Нұржанұлы - 2003 жылғы. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Ақжігіт ауылының тумасы. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы Меркі ауданындағы 11971 әскери бөлімінде борышын өтеп жатыр. Бес ағайынды, отбасында ортаншы ұл. Дзюдомен шұғылданып, гитарада ойнағанды ұнатады.

"Әскерге келуге ағам себепкер болды. Мұнда келіп мінезім түзелді, еріншектік түбегейлі жойылды, жауапкершілік дегеннің не екенін түсінгендеймін. Еш қиындығы жоқ, мұнда уақыт тез өтеді, бір жыл бір айдай зу ете қалады. Батыстан келгеніме қарамастан, бұл жақтың жеріне, ауасына, адамдарына тез үйренісіп кеттім. Борышын өтеп жүргендер арасында жерлестерім де баршылық. Бастысы асханадағы тәтелерге "апа" демесең болды. Жалпы, болашақта хирург болғым келеді, мен осында келердің алдында өзім оқып жатқан (фельдшер мамандығы бойынша) білім ордасынан академиялық үзіліс алдым. Екі айдан соң қайтадан жалғастыратын боламын", - дейді Ернар.

 

Үздік сержант

Кіші сержант Әбдіхалық Нұрдәулет Серікұлы, Жамбыл облысы Қаратау қаласының тумасы. Жасы 18-де. Жеті  жасынан Талдықорған қаласындағы интернатта білім алып, спортпен шұғылданған. 2008-2020 жылдар аралығында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында "Жасұлан" әскери мектебінде білім алған.

"2020-2022 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжді тәмамдадым. Қазіргі уақытта Гвардейск гарнизонының 75263 әскери бөліміндегі екінші инженер-саперлік батальонның инженерлік ротасының бірінші командирімін. Бастапқыда өзімді әскери адам ретінде еш елестете алмадым. Спортшы болсам, Олимпиадаға барсам деген арманым болды. 9 сынып бітірген соң, ата-анамның ақылымен "Жасұлан" әскери мектебіне түстім. Бала кезде түсінбейсің, бірақ "Жасұланда" жүріп Отанға деген сүйіспеншілігім оянды. Бокс, қоян-қолтық ұрыс спорттарынан жарыстарға қатысып тұрамын", - дейді Нұрдәулет.

Оңтүстік өңірлік қолбасшылығында (Шымкенттен Жаркентке дейін) 100-ге жуық сержанттар 10 күндік сайыста (танк жүргізу, автоматтан оқ ату, тактикалық сұрақтар және дене дайындығы) бақ сынасқан. Осы байқауда Нұрдәулет жеңімпаз атанды.

Үздік спортшы

Ертуған Төрен Серікұлы - 1992 жылы 6 желтоқсанда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жетібай ауылында дүниеге келген. 7-сыныптан кейін Тараз қаласындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатына түскен. Спорт мектебінде жүріп түрлі жарыстарға қатысқан. 03840 әскери бөлімінде қызмет етеді. Үш баланың әкесі.

"Алты ағайындымыз, 4 ұл, екі қыз. Мен үйдің үлкенімін. Менен кейінгі інім Төрен Нұрсұлтан да спортшы, Әлем чемпионы, Азия чемпионы болған. Туған нағашым Тамбиев Досан 2006 жылы қаладағы спорт мектебіне алып келді. Қазір Құдайға шүкір, Халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. 2010 жылы жастар арасында, 2011 жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы болдым. 2010-2016 жылдар аралығында Қазақстанның дзюдо құрамасында 73 келі салмақта өнер көрсеттім. 2010 жылы Бразилияда өткен әлем біріншілігінде команда құрамында күрестім. 2012 жылы Тбилисиде, сосын Алматыда өткен Гран-при жарыстарында екінші орын алдым. 2014 жылы Ресейдің Челябі қаласындағы әлем біріншілігінде бесінші орын алдым. 2019 жылы шілдеде әскери бөлімге арнайы мақсаттағы шабуыл ротасында аға маман - аға барлау эфрейторы болып жұмысқа орналастым. 2019 жылы ересектер арасында самбодан Қазақстан біріншілігінде үшінші орын, 2020 жылы екінші орынды жеңіп алдым. 2021-2022 жылдары екі жыл қатарынан Оңтүстік өңірлік қолбасшылығында әскер барысында ұтып, республикалық Әскери барыс сайысында үшінші орын алдым. Жыл сайын Қазақстан барысы Ерасыл Қажыбаевқа есе жіберіп жүрмін. Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеуді қолға алдым. Спорттағы тәртіп қатал, ал әскерде екі есе дер едім. Әскерге алғаш келгенде оқ атудан 70 ұпай жинадым, қазір біраз машықтанып, 90-96 ұпай жинап жүрмін. Әскери адам болған соң қай өңірге жіберсе де қызмет етуге дайынмын!", - дейді Ертуған.

Үздік психолог

Аға лейтенант Әлішер Мажрапов. Алматы қаласының тумасы. Қарағанды қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы училищесінде білім алған. Алматыдағы әскери институттың түлегі. 2020 жылдан бері 21450 әскери бөлімінде офицер-психолог. Садақ ату спортымен шұғылданады. Кітап оқығанды және шет тілдерін үйренгенді ұнатады. Неміс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген.

"Қарулы Күштердегі психологтардың жұмысы ҚР Қорғаныс министрі 355-бұйрығына сәйкес жүргізіледі. Осы бұйрыққа сәйкес, біз сарбаздармен және келісімшартпен қызмет етіп жатқан әскери адамдарға моральдық-психологиялық қолдау көрсетеміз. Бүгінде психологтардың жұмысы - өте маңызды. Әскери адамдардың жүйкесі мен психологиялық тұрақтылығы тексеріледі. Суицидтің алдын алу шаралары жүргізіледі. Түрлі тесттер, авто/аудио тренингтер өткізіледі. Фильмдер көрсетіледі. Агрессияны басу, релаксация жұмыстары жүргізіледі. Әртүрлі тақырыпта әңгімелесіп тұрамыз. Жас сарбаздар көбіне командирлерінен және бірге борышын өтеп жүрген қатарластарынан қолдау күтеді. Жалпы, әскерде ғана емес, қарапайым өмірде де біздің елдің азаматтары психологқа бару үрдісін аса бір қатты қалыптастырмаған, мұнда да сондай жағдай. Сарбаздың не әскери шенді адамның психологиялық көмек сұрап, маманға келуі сирек кездеседі. Сол себепті біз өзіміз оларды көбірек әңгімеге тартуға тырысамыз", - дейді Әлішер.

Үздік бітімгер

Аға сержант Исаев Арай Кәдірбайұлы 1991 жылы 20 сәуірде Тараз қаласында дүниеге келген. 85395 әскери бөлімінде мото-атқыштар батальонында взвод сержанты лауазымында қызмет атқарады. 2020-2021 жылдар аралығында БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштер миссиясына қатысқан. Үйленген үш қызы бар. Бокстан спорт шеберіне үміткер.

"Өзім бала кезден боксты және көкпарды жақсы көремін. Атам Ұлы Отан соғысының ардагері, әкем де әскери борышын өтеген. Сол себепті де мен бала кезден әскери адам болуды армандадым. Әскери адам болған соң басшылық қайда жіберсе де 100 пайыз дайынмын. Қапшағай қаласында іріктеуден өтіп, 120 адам Ливан мемлекетіне бітімгерлік миссиямен жеті айға аттандық. Онда басты міндетіміз бейбітшілікті сақтау болды. Ол жақта әлі күнге дейін қақтығыстар жүріп жатыр. Ұзақ уақыт еліңнен, отбасыңнан жырақта өмір мен өлім арасында жүру оңай болмады. Сол аралықта келіншегім анасынан айырылды, мен жанында болып қолдау көрсете алмадым. Алайда ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді дейді, бәріне төземіз. Біз онда Үндістан елінің құрамында болдық, жаяу патруль жасағының командирі болдым. Шетелдіктермен тәжірибе алмастық, көптеген іс-әрекеттерді үйрендік/үйреттік. 6 миллион халқы бар Ливан елі діни көзқарас бойынша төртке бөлінген. Қауіп деңгейі өте жоғары еді. Миссиядан келген соң офицерлік құрамға кіру арманы пайда болды. Сол арманның жетегінде жұмыс істеп жатырмын", - дейді Исаев Арай.

Үздік оркестр

Тараз қаласындағы 85395 әскери бөлімінде әскери-оркестр дирижері майор Насыров Рүстем Құбайдуллаұлы жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырды.

Оркестр 2008 жылы прапорщик Ақмолдаева Ғалия Төребекқызының бастамасымен құрылған. Рүстем Құбайдуллаұлы 2013 жылдан бері осында қызмет етіп келеді. Сол мерзімнен бастап түрлі деңгейдегі байқауларда, концерттерде, әскери шерулерде (парад) өнер көрсетіп жүр. Оркестр құрамында - концертмейстер, аға нұсқаушы музыкант, аға музыкант, маман музыкант лауазымдары бар. Әр музыканттың өз рөлі бар, әр инструменттің әр қалай орындалатын партиялары бар.

Насыров Рүстем 1998 жылдан бері әскери оркестрде қызмет етіп келеді. Бос уақытында сурет салғанды ұнатады, қолөнер шебері. Осы күнге дейін талай шәкірттерді тәрбиелеген.

"Оркестр құрамында тәжірибелі музыканттар да, жас мамандар да бар. Үрмелі аспап - қиын инструмент. Музыканттардың барлығы ойнай бермейді. Сол себепті де мұндай мамандар тапшы. Таразда мұндай музыканттар өте аз. Біздің оркестрдің құрамында болу үшін білімді, музыкалық қабілеті, ынтасы болуы тиіс. Біз өз білгенімізді жастарға үйретіп, шыңдаймыз. Әскери адам болған соң тек қана аспапта ойнаумен шектелмейміз, полигонда ату жаттығуларына қатысамыз, спорттық шараларға қатысамыз. Пандемияға дейін Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылатын оркестрлер сайысына қатысып тұратынбыз", - дейді Рүстем Құбайдуллаұлы.

Әскери-оркестр дирежері қазіргі уақытта көпшіліктің әскер туралы ойы қате екенін айтады.

"Әскер туралы тақырыпта көпшілік әлеуметтік желіде айтылатын сөздерге ілесіп кеткен. Негізі әскер дегеніміз -  адамды шыңдайтын орта. Әскерде жүріп, өзіңді машықтап, шыңдауға әбден болады. Барлық жастарды әскерге шақырамыз, Отанымызды қорғау әрқайсысымыздың парызымыз! Әскери техникалар, қару-жарақ түрлерін тек фильмдерден көріп қана қоймай, өзің басқарып, қолдану бір ғанибет! Заманауи техникалар қызықтырмай қоймасы анық. Бұған ынта болса жеткілікті", - деп түйіндеді дирижер.

"Әскери медиа" жобасы аясында әскери салада жүрген сарбаздар, сержанттар және офицерлердің қызметтік борышынан бөлек, қарапайым өмірдегі қызығушылықтары, өмірлік ұстанымдары және елдің дамуына қосып жатқан үлесі жазылады.

Бұл іс-шара "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КеАҚ-тың қолдауымен "Алматы" студенттер Альянсы" корпоративтік қорының ұйымдастырып жатқан "Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша кешенді іс-шараларды өткізу" жобасы аясындағы "Әскери медиа" шағын грант негізінде жүзеге асырылып отыр.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная