ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 21 шілде 2026 08:15
Өз қаражатына балалар алаңын салып берген қазақстандық 2 миллионнан аса теңге төлеуге міндеттелді
Ақмола облысының тұрғыны ауыл балалары үшін өз қаражатына ойын алаңын салып берді. Алайда алғыс алудың орнына сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр болды. Алаңды бұзуға тура келді, ал ер адамның өзіне миллион теңгеден астам шығын төлеу міндеттелді. Не болғанын және "игі бастаманың" неліктен заңсыз деп танылғанын Tengrinews.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.
Балалар ойын алаңы қалай пайда болды?
Бұл оқиғаның кейіпкері – Сергей Круглов. Жергілікті балалардың ойнап, демалатын орны болсын деген ниетпен ауылға өз күшімен ойын алаңын орнатқан қарапайым тұрғын.
Ер адам Tengrinews.kz тілшісіне бұл оқиғаның 2021 жылдың жазында Ақмола облысы, Волгодоновка (қазіргі Елтоқ) ауылында басталғанын айтып берді. Сол кезде жергілікті әкімдік ірі кәсіпорындардың қолдауымен бұрынғы балабақшаның орнына жаңа балалар алаңы салынатынын уәде еткен.
Алайда бұл жоспар іске аспады.
2023 жылға қарай жеті миллион теңгелік бюджеттік қаржыландыру мақұлданбай, демеушілер дағдарысқа байланысты жобадан бас тартқан. Нәтижесінде, иен жатқан жерде тек екі орындық пен "Саңырауқұлақ" үлгісіндегі екі құмсалғыш қана пайда болды.
Балалардың лайықты ойын орнынсыз қалғанын көрген Сергей Круглов бастаманы өз қолына алуды ұйғарды.
Ол мемлекеттік органдарға жазбаша сұрау салып, жауап алды және ауыл әкімін болашақ ойын алаңы орналасатын жерге шақырған.
"Әкім маған кешендерді орнатуға болатын учаскені жеке өзі көрсетті. Жер ресми түрде аудандық сәулет бөліміне тиесілі, бірақ әкімдік пен жергілікті қоғамдастық бұл жерді ойын алаңы ретінде жария түрде бекітті. Мен кешендерді қаржылық мүмкіндігіме қарай бірнеше жыл бойы біртіндеп орнаттым", – деді Сергей Круглов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
2023 жылдың сәуірінде ер адам воркаут-аймағы мен демалыс күркесін орнатты.
Кейінірек оның жұбайы Астана әкімдігімен кездесуге қол жеткізіп, ол жақтан қоймадағы есептен шығарылған, бірақ әлі де берік конструкциялар тегін берілді.
Сергей оларды өзі әкеліп, қалпына келтіріп, орындықтарын ауыстырып, сырлап, орнатып шыққан.
Осылайша, алаңда бес жаттығу құрылғысы, карусель, әткеншектер, қоқыс жәшіктері мен орындықтар, сондай-ақ сырғанақтары бар үлкен ойын кешені пайда болды.
Балалар былтырғы жазға дейін осы жерде ойнап жүрді. Кейін бұл алаңның тағдырын күрт өзгерткен төтенше жағдай тіркелген.
Жазатайым оқиға және сот процестері
2025 жылдың жазында алаңда келеңсіз жағдай болды. Ойын кезінде бала жарақат алған. Ол сәтте Сергейдің өзі оқиға орнында болмаған.
"Басқа адамдардың сөзінен және сот отырысынан білемін. Алдымен қылмыстық іс қозғалды, өйткені анасы (зардап шеккен қыздың – ред. ескертпесі) ойын барысында қызын басқа бала итеріп жіберді деп мәлімдеді. Қылмыстық іс қозғалып, кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылды", – деді Сергей Круглов.
Сол кезде зардап шеккен баланың анасы азаматтық талап арыз берді. Жауапкер ретінде ол аудандық білім бөлімін, ауыл әкімдігін және Сергей Кругловты көрсеткен.
"Мен Instagram-да тікелей эфирге шығып, қазір бәрінің әбігерге түсіп жатқаны туралы видео жаздым. Ол жерде зардап шеккен баланың анасы тарапынан алаңның заңдылығына қатысты пікірлер айтылды. Мен онымен бірден хат алмасқан едім, ол жерде анасы маған да, балалар алаңының жағдайына да ешқандай шағымы жоқ екенін мойындаған болатын. Мен сол хат алмасудың скриншотын сотқа ұсындым", – деді Круглов.
Оның айтуынша, сот талқылауы кезінде зардап шеккен қыздың анасы оған ешқандай кінә артпайтынын мәлімдеген. Алайда, оның сөзінше, берілген талап арызда мүлдем басқа ұстаным жазылған.
"Арызда мен жауапкер ретінде көрсетілгенмін, ал шағым бойынша зауыттан шыққан сырғанақ "қауіптілігі жоғары нысан" болып саналады-мыс. Бұл жай ғана қисынға келмейтін нәрсе", – деді Сергей Круглов.
Нәтижесінде оны және жергілікті мектепті баланың жарақатына кінәлі деп таныды. Талап арыз сомасы 2 миллион 700 мың теңгені құраған.
"Мұнда менің ешқандай кінәм жоқ, мен мұның бәрін балалар үшін тегін жасадым", – деп түйіндеді Сергей Круглов.
Сот шешімі жарияланғаннан кейін ер адам алаңды бұзып тастады. Қазір бұл жердің сиқы мынадай.
Шешімге қатысты шағым түсіріліп жатыр. Бірақ
Сергей Кругловтың адвокаты Олег Шубенок сот шешімін әділетсіз деп санайды. Оның пайымдауынша, баланың жарақат алуына мүлдем басқа себептер әсер еткен.
"Бұл жағдайда бала жарақатты сырғанақты пайдалану ережелерін сақтамағандықтан алған. Ол жоғарыға тұтқасы бар баспалдақпен емес, сырғанау жолағымен көтерілген. Сол сәтте басқа қыз бала сырғанап келе жатқан, ол мұны қағып кетті ме, әлде өзі сүрініп кетті ме, әйтеуір биіктен құлап, соғылған. Орын алған салдардың тікелей себеп-салдарлық байланысы осында", – деп хабарлады Кругловтың адвокаты Tengrinews.kz тілшісіне.
Оның айтуынша, жағдай әлі де даулы болып отыр. Ер адам зардап шеккен қыздың мектеп жанындағы лагерьге тіркелгенін және оқиға болған күні сонда болғанын алға тартады. Алайда лагерь өкілдері мұны жоққа шығарған. Олардың мәліметінше, бала ресми түрде тіркелмеген, ал оқиға болған күні алаңқайға ұйымдасқан топ құрамында емес, өз бетінше келген.
"Адам жасаған жақсылығы үшін жапа шегіп отыр. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Барлығы бұл сот шешімін әділетсіз деп санайды. Мен де солай ойлаймын. Мен басынан-ақ Круглов тиісті жауапкер емес екенін мәлімдедім – заң саласында осындай термин бар. Ол жалпы жауапқа тартылатындай адам емес", – деп түсіндірді Олег Шубенок.
Қазіргі уақытта Сергей Круглов сот шешіміне шағымданып жатыр.
Екінші тарап не дейді?
Tengrinews.kz тілшісі алаңқайда жарақат алған қыздың анасымен байланысты. Алайда ол түсініктеме беруден бас тартты.
Зардап шеккен қыздың анасы байланыс үшін редакцияға адвокаты Оразбек Төреханның нөмірін берді.
Ол оқиға болған күні қыздың мектеп жанындағы лагерьде болғанын және балаларды кем дегенде екі тәрбиеші қадағалап жүргенін айтады.
"Ойын алаңқайының заңсыз орнатылғаны, ал лауазымды тұлғалардың бұған кінәлі екені анықталды. Меценаттық заңды бұзбауы тиіс. Сонымен қатар, сот ойын алаңқайын демонтаждау туралы шешім шығарған жоқ, бұл – Кругловтың өз бастамасы", – деп қысқаша түсініктеме берді зардап шеккен тараптың адвокаты.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу