Әлеуметтік желілерде Қосшы қалалық полиция бөлімінде түсірілген видео тарады. Видео авторы полицияға барған кезінде бағдарлау қағазына көзі түскенін, онда белгілі журналист, қоғам қайраткері Арман Шораевтың есімі жазылғанын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бейнежазба авторы полиция бастығының қабылдауына телефон арқылы жазыла алмағанын, сондықтан мәселесін шешу үшін полиция ғимаратына өзі келгенін айтады. Ол осы жерде өзіне белгілі қоғам қайраткері Арман Шораевтың есімі мен суреті сияқты көрінген бағдарды таспаға түсіріп алған. Осыдан кейін қазақстандық бұл жазбаны әлеуметтік желілерде бөлісті.
Бейнежазбада әйел көргендеріне қатысты пікір білдірген.
Тengrinews.kz редакциясы ақпарат алу үшін Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінді. Онда осы жылдың 24 мамырында полицияға Көкшетау қаласының тұрғынынан Ш. есімді азаматтың өзінің кәмелетке толмаған ұлына дене жарақатын салғаны туралы арыз түскенін хабарлады.
"Аталған арыз бойынша алғашқы процестік іс-қимылдар аясында жеке құрамға арызда көрсетілген азаматты жеткізу туралы бағдар берілді. Сол күні азамат полиция басқармасына өзі келді, онда оның қатысуымен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қажетті процестік іс-қимылдар мен тексеру іс-шаралары жүргізілді", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ онда видеода аталған Арман Шораевқа қатысты бағыттама өзектілігін жойғаны хабарланды.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Астана қаласының Полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған видеоға қатысты түсініктеме берген болатын. Онда бойжеткенді соққыға жығу сәті тіркелген. Кадрлардан тұрғын үй ауласында ер адам мен әйелдің сөйлесіп тұрғанын, кейін көлікке бет алғанын көруге болады. Әйел көлікке мінбек болғанда, ер адам оны дөрекі түрде итеріп жіберіп, жерге құлатады да, соққының астына алады. Содан соң ол көлікке мініп, оқиға орнынан кетіп қалады.
Оқиға орнына келген полицейлер қатысушылардың кім екенін анықтаған: видеодағы ер адам танымал қоғам қайраткері Арман Шораев, ал әйел оның азаматтық некедегі жары екені айтылған.
Арман Шораевтың өзі ол кезде жарияланған видеоға қатысы барын жоққа шығарған еді. Өзінің Facebook-тегі парақшасында ол бәріне жасанды интеллект кінәлі деп жазған болатын.