ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 21 шілде 2026 08:25
“Пәтердегі арақабырғалар құлап қалды“. Павлодар облысында дүлей дауылдан келген шығын есептеліп жатыр
Павлодар облысында бұршақ пен екпінді жел ондаған тұрғын үйге, әлеуметтік нысандар мен электр желілерінің бағандарына зақым келтірді. Шығын көлемі есептеліп жатыр, сонымен қатар қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
19 шілдеде Павлодар облысында қатты жел соғып, нөсер жауын мен ірі бұршақ жауды. Табиғат құбылысынан алты адам зардап шекті, оның ішінде үш жасөспірім бар, олардың барлығына медициналық көмек қажет болды.
Ауа райы қала тұрғындары футболдан әлем чемпионатын тамашалау үшін орталық жағалауға жиналған кезде басталған. Куәгерлердің айтуынша, сіркіреген жаңбыр тез арада қатты желге, найзағай мен ірі бұршаққа ұласып, адамдарға дереу пана іздеуге тура келген.
"Пәтердегі арақабырғалар құлады"
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жеткен. Салдарынан Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті мен Екібастұз қаласына қарасты Құдайкөл ауылы көбірек зардап шекті.
"Мұнда екі көппәтерлі және 47 жеке тұрғын үйдің шатыры ішінара ұшып кеткен. Қалқаман кентіндегі мектеп пен мәдениет және демалыс орталығының қасбеттері мен терезелері зақымдалса, көпқабатты тұрғын үйдің бірнеше пәтерінде бөлмеаралық қабырғалар құлаған", - деп түсініктеме берді Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ауа райының қолайсыздығынан Ақсу мен Екібастұздың 11 ауылында электр қуаты апатты жағдайда үзілді. Қалқаман – Құдайкөл учаскесінде сегіз электр бағаны зақымдалған. Қазіргі уақытта сегіз ауылда электр қуаты толық, ал үшеуінде ішінара қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
20 шілдеде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов зардап шеккен ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, зақымдалған ғимараттарды аралап көрді.
"Асайын Байханов қысқа мерзімде нысандарды тексеруді аяқтауды, электр қуатын толық қалпына келтіруді, сондай-ақ шатырлар мен басқа да зақымдалған конструкцияларды жөндеуді ұйымдастырып, зардап шеккен үйлердің тұрғындарына қажетті көмек көрсетуді тапсырды", - деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ комиссиялар келтірілген шығынды нақтылауды жалғастырып жатқаны атап өтілді. Еске сала кетейік, Құдайкөл ауылындағы екпінді жел мен бұршақтың салдарын жою үшін Екібастұз әкімі Аян Бейсекин жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимін жариялады. Тиісті шешім жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.
Автор сұрағы
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу