ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- Кеше 20:18
Павлодар облысындағы ауылда құйын соқты: видео
Павлодар облысындағы Қоңырозек ауылында құйын соқты. Табиғаттың тосын мінезі салдарынан қоршаулар, шаруашылық құрылыстары мен жеке үйлердің шатырлары зақымданыпе, елдімекен жарықсыз қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға куәгерлері түсірген кадрлардан ауылды алып шаңды құйын басып қалғанын көруге болады. Сондай-ақ видеода шатыры ұшқан тұрғын үйлер, желден құлаған және сынған ағаштар мен жол белгілері бейнеленген.
Қоңырозек тұрғындарының айтуынша, жолындағының бәрін жайпап өткен шаңды құйын бес минутқа жуық созылған.
Успен ауданы әкімдігінің мәліметінше, қолайсыз ауа райы 21 шілдеде күндізгі сағат 15:00 шамасында болған.
Қатты жел ұзаққа созылмаса да, инфрақұрылым мен жеке аулаларға айтарлықтай зиян келтіріп үлгерген.
Ауыл тұрғындарының фотосы
Назар аударыңыз, бейәдеп сөздер бар!
"Қатты жел салдарынан Қоңырозек ауылындағы жеке тұрғын үйлердің шатыры мен қоршаулары зақымдалды. Ағаштар сынып, электр жарығы сөніп қалды. Бұл дауыл небәрі бірнеше минутқа созылды", - деп түсіндірді Tengrinews.kz тілшісіне аудан әкімдігі. Сондай-ақ зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ екені айтылды.
"Қазгидромет" Павлодар филиалы қолайсыз ауа райы ресми бақылау мәліметтеріне енбей қалғанын хабарлады, себебі ең жақын метеостанция Қоңырозектен 30 шақырым жердегі Успен ауылында орналасқан.
"Біз бірнеше күннен бері Павлодар облысында күн күркіреп, бұршақ жауып, жел күшейеді деп болжап отырмыз. Алайда Қоңырозекте құйын немесе торнадо болды деп нақты айта алмаймыз. Біздің метеостанцияларымыз (облыс бойынша олардың саны 16) мұндай табиғи құбылыстарды бірде-бір рет тіркеген емес. Егер торнадо метеостанцияның қамту аймағынан тыс жерде болса, біз оны тіркей алмаймыз", - деп атап өтті гидрометеорологиялық орталықтан.
Қазіргі уақытта Успен ауданының билігі қирау деңгейін анықтап, келтірілген шығынды есептеп жатыр.
"Сағат 15:55-те Қоңырозек ауылдық округіне қарасты Қоңырозек, Чистополь, Вознесенка және Надаровка ауылдарында 7 электр желісі бағанасы зақымдалды. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын аудандық электр желілері (АЭЖ) жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек Қоңырозек ауылында қатты жел салдарынан 12 жеке тұрғын үй мен Мәдениет үйі ғимаратының шатыры ұшты. Зақымдалған нысандардың жалпы ауданы нақтыланып жатыр. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Жағдай бақылауда", - деп хабарлады Павлодар облысы Успен ауданы әкімдігі Tengrinews.kz тілшісіне.
Ресми дерек бойынша, Қоңырозек ауылында 650 адам тұрады, 190 аула бар.
Павлодар облысының тұрғындары ірі бұршақ салдарын көрсетті
Еске сала кетейік, 19 шілдеде Павлодар облысында қатты жел соғып, нөсер жауын мен ірі бұршақ жауған болатын. Қолайсыз ауа райынан алты адам зардап шекті, оның ішінде үш жасөспірім бар, олардың барлығына медициналық көмек қажет болды.
Аймақ тұрғындары әлеуметтік желілерде табиғи апат салдары бейнеленген суреттер мен видеоларды жариялады. Екпінді жел ағаштарды құлатып, кей жерлерде электр қуаты өшкен. Саяжай иелері, әсіресе Қалқаман кентінде егін бүлінгенін хабарлады.
Екібастұз әкімдігі ірі бұршақтан кейін қалада төтенше жағдай режимін жариялады.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу