ПОДЕЛИТЬСЯ
18 қаңтар 2019 | 12:28
Павлодарда 50 миллион теңгеге сатып алынған қызметтік пәтердің орнына алынған үйлер көрсетілді
Павлодарда 50 миллион теңгеге сатып алынған қызметтік пәтердің орнына алынған үйлер көрсетілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Павлодарда 50 миллион теңгеге сатып алынған қызметтік пәтердің орнына алынған үйлер көрсетілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар билігі қызметтік пайдалануға алынған екі деңгейлі пәтер дауына қатысты соңғы нүктесін қойды. Мемлекет қаражатына сатып алынған қымбат үйлерді жеті пәтерге айырбастап, жетім балаларға үлестірді.
Бүгін Павлодар әкімі Әнуар Күмпекеев жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
"Луначарский көшесіндегі №24 Б үйіндегі пәтер сатып алынған. Бюджеттік кодекске сәйкес, "Ирина" тұрғын үй кешеніндегі жеті пәтерге айырбасталды. Луначарский көшесіндегі үй 49,9 миллион теңге тұрған, біз оны жалпы құны 51,5 миллион теңге болатын жеті пәтерге айырбастадық. 39 шаршы метрге көп және жалпы нарықтағы бағасынан төмендетіп алдық. Нарықтағы бағасы шаршы метрі - 190-191 мың теңге. Келісім барысында шаршы метрінің бағасы 185,8 теңгеге айналды", - деді Павлодар әкімі журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Қала әкімінің айтуынша, пәтерді айырбастау алдында Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі үй салушы компаниялар арасында мониторинг жүргізген.
"Соның нәтижесінде үй салушы компаниялардың бірі бізге төмен баға ұсынды, біз келісімшарт жасастық. (...) Сатып алынғаннан кейін пәтерлер қаржы бөліміне тапсырылды. Олар кезекте тұрған адамдарға үлестіруі керек болды. Жетім балалар кезекте тұрды. Заңға сәйкес, олар бірінші кезекте тұрады. Осылайша, пәтерлерді жетім балаларға үлестіру шешімі қабылданды", - деді Күмпекеев.
Қала әкімінің мәліметінше, Павлодарда үй кезегіне тұрған 16 мың адам бар екен, оның 2400-і - жетім балалар.
Жаңа тұрғын үйдегі пәтер кілтін павлодарлық интернатта тәрбиеленген Әділ Оңғаров та алды. Жары және екі баласымен бірген олар көлемі 72,4 шаршы метр екі бөлмелі пәтерге ие болды. Әділдің айтуынша, ол соңғы 15 жыл бойы үй кезегінде тұрған.
Бір бөлмелі пәтердің көлемі - 30,6-39, 9 шаршы метр.
Былтыр Павлодар қаласына ауысып келген бірнеше мемлекеттік қызметкер қызметтік пәтер сұраған. Алайда Күмпекеев бюджетте бұған қаражат бөлінбегенін айтты.
"Мемлекеттік қызметте істейтін мамандар пәтерге мұқтаж. Алайда мен ресми түрде алдағы үш жылда қызметтік пәтер алу үшін қаражат бөлуді қарастырмайтынымызды айтқым келеді. Өзім болсам, жалдамалы пәтерде тұрамын, ай сайын ақшаны өз қалтамнан төлеймін", - деді қала басшысы.
© Әлібек Женәлиеев
Айта кетейік, мемлекеттік сатып алу сайтында жаңа тұрғын үй кешенінде қымбат үйлерді сатып алу хабарламасы жарияланды. Сатып алушы ретінде Павлодар әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі, Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі тұрды. Келісімшарт 2018 жылдың 5 қарашасында жасалған. Екі деңгейлі бес бөлмелі пәтердің көлемі - 229,4 шаршы метр. Қазына қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін Әнуар Күмпекеев сөгіс алды. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың шешімімен пәтерді басқа пәтерге айырбастап жетім балаларға үлестіру тапсырылды.
Показать комментарии
Читайте также