Павлодар прокуратурасы мемлекеттік сатып алуларды талдау барысында Орталық скверді жөндеуді жоспарлау кезіндегі заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мән-жайы
Сметалық құжаттамаға 25 мың шаршы метрден астам аумаққа тротуар плиткасын төсеу жұмыстары, сондай-ақ құны 368 миллион теңгеден асатын дәл сондай көлемдегі бетон плиткаларын сатып алу енгізілгені анықталды.
"Бұл ретте сквердің жалпы ауданы шамамен 25 мың шаршы метрді құрайды және оған жасыл желектер, газондар, ағаштар мен плитка төселмейтін ашық топырақ учаскелері кіреді. Өлшеу жұмыстары арқылы тротуар плиткасына деген нақты қажеттілік анықталды, ол 9 мың шаршы метрден аспайды", - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Осылайша, прокуратура ақпаратынша, жобада көзделген жұмыс пен материалдар көлемі нақты қажеттіліктен айтарлықтай асып кеткен, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу қаупін тудырған.
"Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу жойылды, ал кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады ведомство.
Жақында Алматыда Габдуллин көшесінің тұрғындары кезекті жол жөндеу жұмыстарына назар аударды - учаскеде асфальт қайтадан сылынып, қала тұрғындарының айтуынша, жуырда ғана жаңартылған бордюрлер ауыстырылған. Жағдайға қатысты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі пікір білдірді.