ПОДЕЛИТЬСЯ
04 ақпан 2022 | 10:12
Павлодарда жүрекке бірегей ота жасаған кардиология орталығының директоры жұмыстан қуылған
Қазақстанда алғаш рет қолқасы жарылған науқасқа бірегей ота жасаған Павлодар облыстық кардиология орталығының директоры Әділжан Әлбазаров қызметінен босатылды. Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы жоғары санатты хирургпен еңбек шарты бұзылғанын хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда алғаш рет қолқасы жарылған науқасқа бірегей ота жасаған Павлодар облыстық кардиология орталығының директоры Әділжан Әлбазаров қызметінен босатылды. Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы жоғары санатты хирургпен еңбек шарты бұзылғанын хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әділжан Әлбазаров жұмыстан босатыларға дейін екі күн бұрын бірінші типті аорта аневризмасы бар науқасқа күрделі ота жасаған. Алты баланың 39 жастағы әкесі Семейден Павлодар кардиология орталығына жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, бұрын мұндай диагноз қойылғанда ота екі кезеңде жасалған. Соның өзінде операция алдында немесе екінші кезеңінде аневризма жарылып, науқастың өліміне әкелетін қауіп тым жоғары болады. Павлодарлық кардиохирургтардың инновациялық технологиясы өлім қаупін барынша азайтуға және көпбалалы әкенің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.
Сәтті жасалған операциядан кейін Әділжан Әлбазаров қызметінен босатылғаны белгілі болған.
Ведомство мәліметінше, жұмыстан шығаруға облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізген тексерудің нәтижесі негіз болған. Инспекторлар Павлодар облыстық кардиология орталығының қызметінде бірқатар қаржылық заңбұзушылықтарды анықтаған.
"Кеше денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен кардиологиялық орталықтың директорымен шарттық қарым-қатынас үзілді. Келісімшартта оны бұзуға болатын тармақ бар. Бұған бірқатар себеп бар және соның бірі – аудит нәтижесінде анықталған қаржылық заңбұзушылықтар. Тексеру қорытындысымен кардиологиялық орталықтың директоры танысқан", - деп түсіндірді Павлодар облысының бас дәрігері Айдар Ситқазинов брифингте.
Оның айтуынша, тексеру материалдары Экономикалық тергеу департаментіне берілген.
"Қылмыстық іс өткен аптада қозғалды, қазір кейбір фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Құқық бұзу көлемін айта алмаймын, бірақ бұл лайықты. Оны әрі қарай тергеу көрсетеді", - деді Айдар Ситқазинов.
Сондай-ақ, ол былтыр пайдалануға берілуі тиіс құны 400 миллион теңгеден асатын бос тұрған ангеографты да мысалға келтірді. Орталық ғимаратының бірін күрделі жөндеуден өткізуге былтыр қаржы бөлінгенімен, жобалық-сметалық құжаттамасы да дайын емес.
"Әділжан Бауыржанұлы – жоғары мамандандырылған, бірнеше бірегей ота жасайтын жоғары санатты хирург. Бірақ бірінші кезекте ол басқарушы, қаржылық қызметке жауапты. Тиісінше, тексеру нәтижесінде анықталған бірқатар белгілі заңбұзушылық келісімшартты бұзуға әсер етті. Басқарушы емес, науқастармен көбірек айналысатынын көрсететін сәттер көп. Бәлкім, ол кардиохирург болып қалуы керек пе еді", - деді Ситқазинов.
Экономикалық тергеулер департаменті тергеу жүріп жатқаны туралы ақпаратқа әзірге пікір білдірген жоқ.
Ал Павлодар кардиологиялық орталығының экс-директоры басшылықтың шешімімен келіспей, оны даулауды көздеп отыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также