ПОДЕЛИТЬСЯ
13 ақпан 2022 | 12:47
Президент Тоқаев қазақстандықтарға видеоүндеу жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына мешітте құран бағыштағаннан кейін халыққа үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына мешітте құран бағыштағаннан кейін халыққа үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
"Ардақты ағайын! Биылғы жыл еліміз үшін қайғылы оқиғадан басталды. Халқымыз өте қиын сынақты бастан өткерді. Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық. Өкінішке қарай, дүрбелеңде көптеген азаматымыз қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет", - деді Президент.
Ол қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Адам құқығын қорғау мәселесі ол үшін аса маңызды екенін де жеткізді.
"Қайғылы жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Осыған байланысты Жалпыұлттық аза тұту күнін жарияладық. Сол қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын.
Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым. "Қазақстан халқына" қоры да осы қайырымдылық жұмысқа атсалысады деп ойлаймын", - дед Тоқаев.
Президент халқымыздың береке-бірлігі мен тыныштығын бұзуға енді жол бермейтінін айтты.
"Бұл – биліктің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ борышы. Мұндай қасірет ешқашан болмасын! Қазақстан халқына сабыр тілеймін!
Бәріміз тұтас ел болып, Жаңа Қазақстанды құрайық! Жаңа Қазақстан – баршамыздың ортақ үйіміз, оның іргесін бірге қалайық! Бұл өскелең ұрпақ үшін керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!", - деді Мемлекет басшысы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также