Ресей мен Украина басшылары Владимир Путин мен Владимир Зеленский 2020 жылдан бері алғаш рет телефон арқылы сөйлесуі мүмкін. Бұл туралы Зеленский мен Трамп арасындағы келіссөздердің барысынан хабардар дереккөз мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Fox News-ке сілтеме жасап.
Дереккөздің айтуынша, жексенбіде өтетін Трамп пен Зеленскийдің келіссөздері Зеленскийдің Путинмен кейінгі бес жылдан аса уақыт ішіндегі алғашқы телефон әңгімесіне жол ашуы мүмкін. Бұл АҚШ президенті үшін "дипломатиялық жеңіс" болар еді.
Жексенбіде Трамп Зеленскиймен кездесер алдында Путинмен сөйлескенін растап, әңгімені "жақсы әрі өте өнімді" деп атады.
"Шынымен де келісім жасауға барлық алғышарт бар деп ойлаймын", - деді Трамп журналистерге Флоридаға келгеннен кейін Зеленскийдің қасында тұрып.
Ол бұл үдеріс "өте жылдам жүруі мүмкін" екенін айтты.
"Меніңше, келіссөздердің соңғы кезеңіне келдік, енді ары қарай не болатынын көреміз. Әйтпесе бұл ұзаққа созылады. Не аяқталады, не ұзаққа жалғасады - ал миллиондаған адам қаза табады", - деді Трамп.
Телеарна мәліметінше, бұл кездесу - Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан бері Трамп пен Зеленскийдің үшінші жеке кездесуі.
Fox News дереккөзі 2024 жылғы тамыз-қыркүйекте Путин мен Зеленскийдің келіссөз жүргізуге мүмкіндігі болғанын, бірақ ол "Украина Курск облысына басып кірген кезде" жойылғанын айтады. Ал екі ел көшбасшыларының кейінгі тікелей байланысы, 2020 жылдың жазында - "Украинаның Вагнердің ресейлік жалдамалыларын жоюға бағытталған сәтсіз операциясынан кейін" болған.
Еске сала кетейік, кеше кешке АҚШ президентінің Флорида штатындағы Мар-а-Лаго жеке резиденциясында Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский кездескен еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!