Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігін құру туралы" Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. Жаңа ведомствоның басшысы болып Президент Әкімшілігінің жетекшісінің орынбасары Талғат Донаков тағайындалды.
Жарлықтың мемлекеттік қызметтің жаңа моделін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды іске асыру мақсатында ашылғаны айтылады.
"Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган ретінде оған таратылып отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мүлкін және істерін басқару функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) құрылсын", - делінген Жарлықта.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеуді негізгі функциялары етіп айқындап, Министрліктің құрылымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл ұлттық бюросын құру тапсырылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындалғаны және лауазымнан босататыны хабарланып отыр.