Ресей Қазақстанға АЭС құрылысы үшін несие береді

Ресей Қазақстанға АЭС құрылысы үшін несие береді Иллюстративті фото: rosatom.ru

Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін Ресейден мемлекетаралық несие тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін Ресейден мемлекетаралық несие тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сәтқалиев АЭС құрылысын қаржыландыруда қиындықтар туындамайтынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық несие механизмі бойынша жұмыс істеп жатыр.

"Бірінші келісім тікелей атом станциясының құрылысына, ал екінші келісім Ресей тарапынан қаржыландыру бөлуге қатысты. Мұнда 85 пайызы несие түрінде, 15 пайызы Қазақстан үкіметі тарапынан бөлінеді деп қарастырылған. Бұл құжаттардың дайындық деңгейі айтарлықтай жоғары", - деді ол журналистерге.

Жарнама
Жарнама

Жобаның түпкілікті құны жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін айқындалады. Агенттік төрағасының айтуынша, болжамды сома шамамен 15 миллиард долларды құрайды, бұл әрқайсысының қуаты 1200 мегаватт болатын екі энергия блогы үшін.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бірінші станция бойынша жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр:

"Бәрі жоспар бойынша: бірінші алаңда - Балқаш өңіріндегі Үлкен ауылының жанында жобалау-іздестіру жұмыстары толығымен аяқталды".

Ол жобалау жұмыстары орта есеппен 5-7 жылды, ал құрылыс 10-15 жылды алатынын айтты.

Сондай-ақ Агенттік басшысының айтуынша, Қазақстанда Ұлттық атом холдингін құру жоспарланған. Ол барлық АЭС-тің меншік иесі болады және оларды пайдаланумен әрі сервистік қызмет көрсетумен айналысады деп күтіледі.

"Бұл атом энергетикасын дамытуға және жергілікті қамту үлесін арттыруға бағытталған әртараптандырылған компания болады", - деп нақтылады ол.

Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысында да атом электр станциясын салу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама