08 сәуір 2022 | 09:12

Ресей-Украина қақтығысы: СІМ басшысы Қазақстанның ұстанымы туралы айтты

Дина Шарипханова Корреспондент
Фото: Тengrinews

Премьер-министрдің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Хабар 24" телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанның Ресей-Украина қақтығысына қатысты ұстанымы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Премьер-министрдің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Хабар 24" телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанның Ресей-Украина қақтығысына қатысты ұстанымы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Қазақстан - бүгінде ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан және халықаралық қатынастардағы дауларды бейбіт жолмен шешуге берік бағыт ұстанған бейбітшілікті сүйетін мемлекет.

"Еліміз Ресей-Украина қақтығысын келіссөздер мен дипломатия арқылы тезірек шешуді үнемі жақтап келеді. Қақтығыстың алғашқы күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Украина президенттерімен телефон арқылы сөйлесіп, тараптарды қақтығысты шешудің бейбіт жолдарын тауып, келіссөздер процесін бастауға шақырғаны белгілі", - деді премьер-министрдің орынбасары.

Реклама
Реклама

Ол Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитінің Астана декларациясында бекітілген жан-жақты, тең және бөлінбейтін қауіпсіздік тұжырымдамасын әрқашан жақтайтынын айтты.

"Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда Ресеймен тарихи тұрғыдан тығыз саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс қалыптасқан. Дүниежүзіндегі ең ұзын шекараға ие бола отырып, ресейлік әріптестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қалыптасқан деңгейін сақтауға ниеттіміз. Жалпы, құқықтық және саяси жағынан біздің мемлекеттер одақтас және стратегиялық серіктес. Сонымен қатар, қақтығыс аяқталғаннан кейін Украинамен де кең ауқымды өзара тиімді ынтымақтастықтың жоғары динамикасын тез арада қалпына келтіруге мүдделіміз. Бұл екі ел арасындағы әскери қақтығыс қазақстандықтардың жүрегіне батты. Сондықтан, Мәскеу мен Киев таяу болашақта келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешудің жолын табады деп шын жүректен сенеміз", - деді Мұхтар Тілеуберді.

Сондай-ақ, ол Ресей-Украина келіссөздеріне болжам жасап, Қазақстан қарулы қақтығысты тоқтату, гуманитарлық мәселелерді шешу және халықаралық қатынастардағы шиеленісті азайту жолдарын іздеудегі бітімгершілік күш-жігерге жан-жақты үлес қосып отырғанын айтты.

"Қазақстан әлемдік қауымдастықтың және ең алдымен Түркияның Украинаның бейтарап, ядросыз және блоктан тыс мәртебесі туралы келісімдерге қолжеткізуге бағытталған Ресей-Украина келіссөздер үдерісін бастау жөніндегі делдалдық күш-жігерін құптайды. Біз келіссөздер соғыс қимылдарын одан әрі тоқтатуға, Донбасс мәртебесін анықтауға және санкциялық қысымды жоюға ықпал ететініне шын жүректен сенеміз", - деді Тілеуберді.

Сондай-ақ, спикер Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларға ресми көзқарасын жариялап, оның елімізге тигізетін әсерін бағалады.

"Еліміз, әрине, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен енгізілген санкцияларды қоспағанда, санкцияларды мемлекетаралық қарым-қатынаста қысым жасау құралы ретінде қолдануға дәстүрлі түрде қарсы. Кез келген экономикалық немесе саяси санкцияларды қолдану, тәжірибе көрсеткендей, халықаралық даулар мен қақтығыстарды шешудің тиімді жолы емес. Сондықтан, Қазақстан Ресей Федерациясына қарсы санкциялық қысымға қосылып, қандай да бір түрде Ресей мүддесіне нұқсан келтіретін және серіктестік рухқа қайшы келетін қадамдарға баруға ниетті емес. Өзінің ұлттық мүддесін қорғай отырып, Қазақстан бұл санкциялар экономикамыздың дамуына елеулі әсерін тигізбеу үшін бар күшін салып жатыр", - деді Мұхтар Тілеуберді.

Қазақстан Үкіметі қазіргі уақытта осы мәселелер бойынша Батыстағы әріптестерімен консультациялар жүргізіп жатыр, деді спикер.

"Екінші реттік санкцияларды болдырмау және олардың халыққа, өндірушілерге, экспорттаушыларға кері әсерін азайту үшін Қазақстан санкцияларды айналып өтуге қандай да бір мақсатты қадамдар жасауға ниетті емес. Бұл ретте Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі бола отырып, Ресеймен және басқа да елдермен сауда-саттық қарым-қатынасын одан әрі дамытады. Жалпы алғанда, Ресей экономикасының оқшаулануы ұзақ мерзімді перспективада, әрине, бүкіл әлемдік экономиканың дамуына зиянын тигізеді. Осыған байланысты халықаралық қауымдастық Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу жолындағы ізденістерге өз үлесін қосуы керек деп есептейміз. Біз өз тарапымыздан Ресей мен Украина арасындағы тұрақты бейбітшілікке қолжеткізу үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсаймыз", - деп түйіндеді премьер-министрдің орынбасары.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная