Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Гүлнар Бажкенованың (Orda және Bazhkenova vs.) ресурстарында таратылған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", - делінген хабарламада.
Орталық әдейі жалған ақпарат тарату қоғамдық сенімге нұқсан келтіріп, болып жатқан оқиғаларға бұрмаланған көзқарас қалыптастыратынын жазды.
"Азаматтарды сақ болуға және тек ресми, тексерілген дереккөздерге сенуге шақырамыз. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат тарату және оның таралуына жәрдемдесу үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылғанын еске саламыз", - деп жазды орталық.
Еске салайық, бүгін премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен басқа да тұлғалардың ұсталғаны туралы ақпарат бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде пайда болды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!