01 қазан 2020 | 17:38

Рейхстаг қабырғасында өз қолтаңбасын қалдырған батыр

Лөкет Сағындықов

Тәуелсіз Қазақстан басқа елдерде өмір сүрген отандастарын ешқашан ұмытпауы тиіс.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Тәуелсіз Қазақстан басқа елдерде өмір сүрген отандастарын ешқашан ұмытпауы тиіс.

Игорь Прохоровтың сөзінше, қазақстандықтар өзінің жетістіктерін, Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі бесжылдықтың қиын жылдарын еңсеріп, шыңдалған батырларын мақтан тұтады. Азаматтарымыздың жаңа буыны атақты жерлестерін жадында тұтып, ата-бабаларын, оның ішінде тағдырдың қалауымен жат жерде өмір сүрген алдыңғы буын ағаларын мақтан тұтуы тиіс.

Реклама
Реклама

"Мен өзім мақтаныш ететін немере ағам, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Лөкет Сағындықов көп жылдар бойы Омбы облысында тұрды", - дейді мемлекеттік қызмет ардагері Олжабай Аралов.

Оның айтуынша, Лөкет Сағындықов 1924 жылы Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Шілікті ауылында дүниеге келген. 1930-жылдары оның әкесі Сағындық бай баласы деген жаламен репрессияға ұшырап, ату жазасына кесілген. Олардың барлық мал-мүлкі кәмпескеленіп, Лөкет жеті жасында жетім қалады. Оны Олжабайдың атасы - Әнәпия және ағасы Серікбай бауырларына салып өсіреді.  

Лөкет ағайын-туысқандарымен бірге Ресейдің Омбы облысындағы Ново-Варшавск ауданына қоныс аударуға мәжбүр болады. Онда мектептің 3-сыныбын аяқтамастан, 10 жасынан бастап еңбек етеді. Жасы 18-ге толысымен Қызыл Армия қатарына шақырылады. Майданда ерлікпен соғысып, ұрыс жолдарымен Германияға дейін жетіп, маршалл Г.К. Жуковтың басқаруындағы 1-Беларусь майданы құрамында Берлинді алу операциясына қатысады.

Олжабай Араловтың айтуынша, Л. Сағындықов Рейхстагты шабуылдаушылар қатарында болып, Рейхстаг қабырғасында өз қолтаңбасын қалдырған. Майдандағы ерлігі мен батылдығы үшін екі рет маршалл Жуковтан алғыс хат алады, "Отан соғысы" орденімен және "Берлинді алғаны үшін" медалімен марапатталады.

1945 жылы алған жарақаттары салдарынан мүмкіндігі шектеліп, әскерден босайды да, Омбы облысына оралады. Көп жылдар бойы сол жерде еселі еңбек етіп, Ресейдің қой шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосты. Омбы ауылшаруашылық институты өзінің ғылыми әзірлемелерінде Лөкеттің қой бағудағы бірегей тәжірибесін пайдаланған. Кеңес заманында ол бесжылдық міндеттемелерін абыроймен атқарған, бір отар аналық қойдан 140-150 қозы алып, оған малсақтықпен күтім жасаудың үлгісін көрсетеді.

Өзінің жетістіктері үшін Лөкет Сағындықов Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің 1 алтын, 1 күміс медалімен марапатталады. Оның еңбекқорлығын бағалаған Үкімет оны сол заманғы ең жоғары марапат - Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынады. Бұл атақ Лөкетке КСРО жоғары Кеңесі Президумының Жарлығымен 1971 жылы берілген.

Сонымен қатар, біздің жерлесіміз бірнеше рет Омбы облыстық жұмысшы депутаттары Кеңесінің депутаты да болған. Оның есімі облыстық кәсіподақтар комитетінің Құрмет кітабына енгізілді, Л. Сағындықов "Алтын қолды шебер" және "Қой өсіру шебері" дипломдарымен, бірқатар мақтау қағазымен және алғыс хаттармен марапатталды. Ол туралы Омбы газеттерінде жиі жазылды. Ал Омбыдағы Жеңіс бульварында Лөкет Сағындықовтың есімі басқа батырлардың есімдерімен бірге ескерткіш тақтаға жазылған.

Лөкетке Омбы жерінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері ретінде құрмет көрсетіледі. Оның есімі 2006 жылы шыққан "Лучшие люди России" энциклопедиясында жазылған. Ново-Варшавск ауданы орталығының мұражайында жерлесімізге арналған бұрыш, ал орта мектепте мемориалдық тақта орнатылды.

Сонымен қатар, осы облыс орталығында Лөкет Сағындықов атындағы "Батырлар аллеясын" ашу жоспарлануда. Ол 60 жыл бойы абыроймен жұмыс жасаған ауылдың тұрғындары Лөкетті "Платоновканың ар-ожданы" деп атады.

Лөкет Сағындықов 2008 жылы өмірден өтті және өзінен кейін жақсы естелік қалдырды. Ол үш ұл мен жеті қызды тәрбиелеп, балаларына лайықты тәрбие мен білім берді.

"Біздің жерлесіміз ұзақ уақыт бойы жат елде өмір сүрді, артында жақсы есім қалдырды. Ал оның туған жері Қазақстанда, Павлодар облысында ол туралы білетіндер аз. - Лөкетті еске ала отырып, біздің кейінгі ұрпақ жат жерде жүріп ер  атанған жерлестері туралы көбірек білгенін қалаймын", - дейді Олжабай Аралов.

Оның айтуынша, Павлодар облысының тумасы, Ресейге танымал Лөкет Сағындықов біздің елде құрметке лайық. Батырдың құрметіне Павлодар көшелерінің біріне оның есімін беруге болар еді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная