Қазақстандықтардың белгілі бір тобының нақты табысы бақылауға алынады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Әділет министрлігі Атқарушылық іс жүргізу комитетінің төрағасы Мақсат Балабеков айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
Балабековтің айтуынша, табысты жасыру - алимент өндіру кезіндегі басты мәселелердің бірі.
"Алимент бойынша берешекті өндірудегі кедергілердің бірі — табысты жасыру. Борышкер ресми түрде ең төменгі жалақыны көрсетіп, алимент соның негізінде есептеледі. Мұндай адамның табысы ашық болмайынша және жүйелерге интеграция жасалмайынша, қарызды өндіру де, оның нақты табысын дәлелдеу де мүмкін емес екенін түсінеміз", - деді ол.
Осыған байланысты Әділет министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қаржы министрлігімен бірлесіп интеграциялау жұмыстарын бастаған.
"Еңбек және Қаржы министрліктерімен, атап айтқанда Мемлекеттік кірістер комитетімен табыс пен келісімшарттар туралы қосымша мәліметтер алу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл нақты табысты анықтап, соның негізінде тиісті соманы белгілеу үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік береді. Біз іс-шаралар жоспарын жасап, оған осы интеграцияны енгіздік. Биыл басқа да мемлекеттік органдармен интеграцияны жоспарлап отырмыз", - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің есепке алу жүйесімен өзара іс-қимыл орнатылып жатыр. Бұл борышкерлердің құмар ойындарға қатысуын шектеуге, сондай-ақ олардың ұтыстарын кейіннен өндіріп алу үшін анықтауға мүмкіндік береді.
Толығырақ
Алимент істері бойынша жұмыс мәжбүрлеп орындату жүйесіндегі ең күрделі мәселелердің бірі болып қалып отыр.
Әділет министрлігі мәліметінше, 2025 жылы өндірісте 354 мың алимент ісі болған. Оның 59,6 мыңы іс жүзінде өндірілуіне немесе өндіріп алушының өтінішіне байланысты аяқталды.
Десе де, 12,7 мың іс, жалпы санның шамамен 4 пайызы проблемалы күйінде қалып отыр. Олар бойынша жалпы берешек 18 миллиард теңгеге жеткен. Қарыздың негізгі себептері — борышкерлердің ресми жұмысының болмауы және табысты әдейі жасыруы.
Бұл мәселені шешу үшін борышкерлерді жұмысқа орналастыру шаралары қолға алынып жатыр. 2025 жылы әкімдіктермен бірлесіп 645 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 6,5 мыңнан астам адам жұмыс тапты.
Бұдан бөлек, борышкерлер жауапқа тартылып жатыр. Былтыр 4 824 адам әкімшілік жауапкершілікке, 380 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.