“Саяси тұрақтылық“ – сарапшылар Тоқаевтың сайлауға түсу құқығы туралы

“Саяси тұрақтылық“ – сарапшылар Тоқаевтың сайлауға түсу құқығы туралы Фото:depositphotos.com

Сарапшылар Конституциялық соттың жаңа Конституция нормаларын қазіргі лауазымды тұлғаларға қолдану туралы түсіндірмесіне пікір білдірді. Олардың пайымдауынша, бұл шешім Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы президенттік сайлауға қатысу мүмкіндігіне қатысты белгісіздікті жояды, бірақ оның автоматты түрде кандидат ретінде ұсынылатынын білдірмейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Талқылауға Президенттің жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Конституциялық Сотқа жолдаған өтініші себеп болды. Онда сайлану және тағайындалу мерзімдеріне қатысты шектеулердің 1995 жылғы Конституция бойынша тиісті қызметтерді атқарып келген тұлғаларға қалай қолданылатыны туралы сөз болды.

Саяси шолушы Ғазиз Әбішев Конституциялық соттың түсіндірмесі іс жүзінде Мемлекет басшысына алдағы президенттік сайлауға қатысу құқығын беретінін түсіндіреді.

Жарнама
Жарнама

"Сонымен қатар, Конституциялық сот президенттердің өкілеттігін шектейтін "бір реттік жеті жылдық мерзім" ережесі қазіргі Мемлекет басшысына қолданылмайтынын меңзейді. Бұл ереже алдағы Президент сайлауы қашан өтсе де, сол кезден бастап барлығына бірдей қолданыла бастайды", - деп жазды Әбішев.

Оның пікірінше, мұндай түсіндірме келесі сайлау циклы алдындағы саяси тұрақтандыру элементі ретінде қарастырылуы мүмкін.

"Кезекті сайлау кесте бойынша үш жылдан кейін, яғни 2029 жылдың қыркүйегінде өтуі тиіс екенін ескерсек, бұл саяси жүйенің тұрақтылығын сақтайтын өзіндік тетік деуге болады. Конституциялық Соттың түсіндірмесіне сәйкес, Президент Тоқаевтың сайлауға түсуге құқығы бар. Дегенмен, бұл оның міндетті түрде үміткер болатынын білдірмейді. Бірақ оның қолында осындай мүмкіндік болады", - деді саяси шолушы.

Саясаттанушы Марат Шибұтов та Конституциялық соттың шешімін саяси тұрақтылық мәселесімен байланыстырады. Оның айтуынша, биліктің жақын арада ауысуын күту элитаішілік бәсекелестік пен белгісіздікті күшейтуі мүмкін.

"Тарих көрсеткендей, биліктің жақын арада ауысуын күту көбіне элитаішілік бәсекелестіктің ерте жандануына және саяси белгісіздіктің артуына түрткі болады.

Бүгін Конституциялық Сот Президенттің қайта сайлану жиілігі туралы норманың түсіндірмесіне қатысты барлық сұраққа нүкте қойып, элиталарға президенттік билік институтының болашағына қатысты кез келген алыпқашпа әңгімелерді тоқтату туралы белгі берді.

Қазіргі Президенттің сайлауға қайта қатысу мүмкіндігінің расталуы саяси тұрақтылық пен ішкі тыныштықты қамтамасыз етудің қосымша факторы ретінде қабылдануы тиіс", - деп есептейді Шибұтов.

Сонымен қатар, саясаттанушы бұл жерде болашақ саяси шешімдердің алдын ала белгіленуі туралы емес, тек Конституцияда қарастырылған мүмкіндіктің бар екені туралы сөз болып отырғанын баса айтты.

"Бұл автоматты түрде кандидат ретінде ұсынылуды немесе болашақ саяси шешімдердің алдын ала шешіліп қойғанын білдірмейтінін түсіну маңызды. Әңгіме тек Конституцияда көзделген мүмкіндік туралы болып отыр, ал оған қатысты түпкілікті шешімді ел азаматтары сайлау арқылы қабылдайды", - деді Шибұтов.

Сарапшының пікірінше, Конституциялық сотқа жүгінудің басты мәнін көбісі ішкі саяси күштерге берілген белгі деп ұғуы мүмкін: Қазақстан мемлекеттік институттардың тұрақтылығын сақтайды, құқықтық аяда әрекет етеді және президенттік вертикальдың әлсіреуіне немесе саяси процестердің қолдан жеделдетілуіне жол бермейді.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама