ПОДЕЛИТЬСЯ
02 маусым 2021 | 11:44
Шенеуніктер "бұрынғы" заңсыз тексерулері үшін жазалануы мүмкін
Қазақстанда заңсыз тексерулер үшін әкімшілік жауапқа тартуға болатын мерзімді екі айдан бір жылға дейін ұзатру ұсынылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда заңсыз тексерулер үшін әкімшілік жауапқа тартуға болатын мерзімді екі айдан бір жылға дейін ұзатру ұсынылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын заңсыз тексеру жүргізгені үшін, сондай-ақ бақылау мен қадағалау нысандары бойынша жауапкершілігін күшейту мақсатында оларды әкімшілік жауапқа тартуға болатын мерзімді бір жылға дейін ұзарту ұсынылды.
Қазір бұл мерзім - екі ай. Мәселе шенеуніктер әрекеттеріне шағымды тексеру қорытындысы ұзақ уақыт алатынына байланысты. Нәтижесінде екі айлық мерзім аяқталуына байланысты олар жазасыз қалады", - деді депутат Гүлнар Бижанова Мәжілістің жалпы отырысында.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Чиндалиев 2020 жылы прокуратура тексеріс жүргізудің заңдылығы бойынша 100-ге жуық заңсыздық анықтағанын, бірақ тек 17 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылғанын айтты.
"Ұлттық экономика министрлігі мәліметі бойынша, заңсыз тексерулер дерегі бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты 20 пайызына ғана әкімшілік істер қозғалған.
Неге олай болып жатыр? Басты себеп - әкімшілік жауапқа тартуға болатын екі айлық мерзім өтіп кетуіне байланысты. Біріншіден, кәсіпкерлер көп жағдайда заңның мұндай ерекшелігін білмейді. Сондықтан екі ай ішінде шағым беру керек, шағымдар кейде кеш түседі, оларды қарауға, тексеруге уақыт қалмайды және тексеру екі айдан кейін аяқталады", - деп қосты ол.
Оның айтуынша, прокуратура мен уәкілетті органдар бұл мәселені ай сайын қарай алмайды, бірақ осы уақыт ішінде мерзімдер аяқталып кетеді.
"Сондықтан депутаттар бұл мерзімді бір жылға дейін ұзарту туралы түзетуді ұсынды. Егер тексерулер барысында кәсіпкерлердің құқығы бұзылғаны немесе тексеру қызметіне заңсыз араласқаны үшін лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімін бір жылға дейін ұзартсақ, онда шенеуніктердік әкімшілік жауапкершіліктен сытылып кетуіне айтарлықтай кедергі келтіреміз", - деді ол.
Мәжілісте "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также