ПОДЕЛИТЬСЯ
16 маусым 2021 | 10:08
ШҚО-да шаруалар мемлекеттен алған субсидияны қайтаруға мәжбүр
Шығыс Қазақстанда 10-нан аса шаруа мемлекеттен алған субсидияны қайта қайтаруға мәжбүр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Шығыс Қазақстанда 10-нан аса шаруа мемлекеттен алған субсидияны қайта қайтаруға мәжбүр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Шаруалар 2019 жылы Ресейден асыл тұқымды сиыр сатып алған. Телеарна мәліметінше, малды әкелген соң заңда көрсетілген барлық ережені орындаған. Алайда арада 2 жыл өткенде облыстық прокуратура тексеру жүргізіп, шаруаларға субсидия төлеуде заңсыздық бар екенін анықтаған. Прокуратура осы бағдарламаға жауапты облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына фермерлерден қаржыны қайтартуға міндеттеген. Алайда кәсіпкерлер прокуратураның шешімімен келіспей отыр.
Қатонқарағайлық шаруа Азамат Қарталов былтыр "Сыбаға" бағдарламасы бойынша Ресейден 50 сиыр сатып алған. Әкесімен бірге шаруашылықтағы мал басын көбейтіп, тағы да жұмысшылар алмақ болған.
"Шаруашылықты үлкейтсек дегенбіз. Мал басы өссе, өзімізге ғана емес, ауылға да жақсы болар еді. Жұмыс орнын ашу жоспарда болған. Енді не істерімізді білмей қалдық", - дейді шаруа Азамат Қараталов.
Тілшінің айтуынша, шаруалардың не істерін білмей жүргеніне бір жыл болған. Малды әкеле сала, кедендік қосымша құн салығын төлеуге мәжбүрлген. Мемлекеттік бағдарламадағы жауапты сарапшылар шаруаларға кейін ол қаржы қайтарылатынын уәде еткен. Алайда салыққа төлеген 3 миллион теңге сол беті қайтпаған.
Шеттен әкелінген мал міндетті түрде карантинге қойылып, қажетті вакцина салынады. Ол үшін шаруа тағы бір жарым миллион теңгеге шығандалған. Одан соң мемлекеттен алған субсидияны толық қайтару жөнінде хат алған. Ол шамамен 12 миллион теңге. Бұл шаруашылықтағы бар малдың жарты ақшасы. Себебі заң бойынша субсидия тек асылтұқымды малға ғана төленуі тиіс. Ал Нұрлыбек Қараталовтың сиыры асылтұқым болмай шықты.
"Біздің малымыз асылтұқымды. Оны дәлелдейтін құжатымыздың бәрі бар. Әр малдың жеке паспортында жазылып тұр. Сиырдың қандай тұқымнан туғаны жазылған. Ал елордадан қазақтың ақбас сиыр палатасынан келген маман біздің малды көріп, асылтұқым емес деп шешім шығарды. Жай ғана таза қанды екенін айтқан", - деді шаруашылық жетекшісі Нұрлыбек Қараталов.
Шеттен әкелінетін асылтұқымды мал кеденнен өткенде 4 орынды саннан тұратын арнайы код беріледі. Ал құжатта мүлде басқа сан жазылған.
"Мемлекеттік бағдарламаның өзі тек асылтұқымды мал басын көбейтуге арналған. Сондықтан шеттен мал көптеп әкеліне бастады. Соңғы туған бұзауына дейін асылтұқымды болуы шарт. Таза қанды мал деген ол мүлде бөлек", - дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян.
Таза қанды малға да субссидия беріледі. Асыл тұқымға құнының 50 проценті қайтарылса, таза қанды әр сиырға 25 процент қаржы төленеді. Қазір шаруалар субсидия ретінде алған қаржыны баяғыда игеріп тастаған. Тіпті 2 жыл бұрынғы бағдарлама жабылып қалса да, прокуратура қаржыны қайтартуға мәжбүрлеп отыр.
"Жалпы бұл мәселе прокуратураның кешенді тексерісінен соң ғана көтерілді. Егер шаруалар прокуратураның талабымен келіспесе, сотқа жүгінгені дұрыс. Шағым түсірген дұрыс", - деді ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов.
Алайда шаруалардың енді соттың табалдырығын тоздыруға құлқы да, уақыты да жоқ. Көбі енді субсидия алудан да бас тартқан. Ал аймақта демеу қаржы алып, соңынан оны қайтаруға мәжбүр болған 10 шаруашылықтың мәселесі қалай шешілетіні әлі белгісіз.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также