Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың әріптестері депутат әдепті бұзды ма, жоқ па шешуі керек. Шешімге қарай жаза анықталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Төрт тәулікке әкімшілік қамауға алынғанына және бірден 6 жол ережесін өрескел бұзып, жалған нөмір пайдаланғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, Ерғали Аманбаевты депутаттық мандатынан айыру жоспарланып отырған жоқ. Tengrinews.kz сауалына Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы (АСҚ) осындай мәлімет берді.
Алайда комиссия мәслихатқа депутатты депутаттық әдепті бұзғаны үшін жазаға тарту мәселесін шешуді ұсынған:
"Бәйдібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясы аудандық мәслихатқа Ерғали Аманбаевтың мәслихат регламентімен белгіленген депутаттық әдеп ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс енгізді."
Егер депутаттар әріптесін жазалауды ұйғарса, заң бойынша екі ғана шара қарастырылған: оған ескерту жасау немесе көпшілік алдында кешірім сұрауға міндеттеу.
Мәселені АСҚ төрағасы Аңсар Үсербаев былайша түсіндірді:
"Шынында да, халықтың сенімін иеленген депутат өз мәртебесіне сәйкес келмейтін, әдепке жат қылық көрсетті. Аманбаевтың әрекеті қоғамда үлкен резонанс тудырды (...) Менің ойымша, депутат мемлекет мүддесіне және азаматтардың құқықтарына зиян келтіретін әрекеттерден бас тартуға, сондай-ақ заңмен белгіленген шектеулерді қатаң сақтауға міндетті."
Сондай-ақ, комиссия депутаттың имиджі, моральдық қасиеттері мен этиканы сақтауы халықтың билікке деген сеніміне тікелей әсер ететінін еске салды.
Депутаттық мандаттан айыруға негіздер
Қазақстан заңына сәйкес, депутатты мандатынан айыруға келесі жағдайлар себеп болуы мүмкін:
- Депутат қызметі депутаттықпен сыйыспайтын лауазымға тағайындалса (мысалы, әкім немесе министр болса);
- Сот оны әрекетке қабілетсіз немесе шектеулі қабілетті деп таныса;
- Ол қайтыс болса немесе сот арқылы хабар-ошарсыз кеткен деп танылса;
- Мәслихаттың өкілетті мерзімі аяқталса (депутаттық корпус таратылса);
- Ол депутат болып сайланған партия қатарынан шығарылса;
- Қазақстан азаматтығынан айырылса;
- Сот оны қылмыс жасағаны үшін соттаса;
- Ол сайланған өңірден тыс жерге тұрақты қоныс аударса;
- Өзі мандаттан бас тарту туралы өтініш жазса;
- Жүйелі түрде депутаттық міндеттерін орындамаса.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте 777 нөмірлі жол талғамайтын көлік бірнеше ереже бұзған сәтте видеоға түсіп қалғаны жазылған еді. Жүргізуші жалған нөмірмен жүрген, қарсы жолаққа шыққан, сақтандырусыз, белдіксіз көлік айдаған, тыйым салынған жерде кері жүрген және қозғалыс басталар алдында белгі бермеген.
Кейін көлікті Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты, Amanat партиясының мүшесі Ерғали Аманбаев жүргізгені белгілі болды.
Аманбаев төрт тәулікке қамауға алынып, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Ал Amanat партиясында оған сөгіс жарияланды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!