25 маусым 2019 | 16:20

Шымкентте Арыс тұрғындарына көмек қалай көрсетіліп жатыр

Түркістан облысы Арыс қаласында төтенше жағдай жариялана салысымен Шымкентте ауқымды "Көмек қолы" іс-шарасы жарияланды. Тез арада құрылған арнайы штаб тәулік бойғы тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына шымкент қаласы әкімдігінің, полиция және төтенше жағдай департаменттерінің, "ҚТЖ" АҚ өкілдері, құтқарушылар кірген, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Түркістан облысы Арыс қаласында төтенше жағдай жариялана салысымен Шымкентте ауқымды "Көмек қолы" іс-шарасы жарияланды. Тез арада құрылған арнайы штаб тәулік бойғы тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына шымкент қаласы әкімдігінің, полиция және төтенше жағдай департаменттерінің, "ҚТЖ" АҚ өкілдері, құтқарушылар кірген, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Тұрғындарға автобустар бөлінді

Реклама
Реклама

Арыс тұрғындарын Шымкентке жеткізу үшін қала әкімдігі тарапынан 100 автобус бөлінді. Бұған қоса Арыс бағытына кетіп бара жатып, Шымкентте тоқтатылған 6 пойыздың жолаушыларын Түркістан қаласына жеткізу үшін 43 автобус бағытталды. 24 маусым күні осы автобустармен Түркістан қаласына 2500-ден астам адам аттанды.

Арыс қаласындағы құтқару операцияларына қатысу үшін 6506 әскери бөлімінен 541 сарбаз аттанды.

 

24 маусым күні Шымкенттегі мектеп және колледжерде 15 эвакуациялық пункт ашылып, Арыс тұрғындары сонда орналастырылды. Азаматтар ыстық тамақ және ауызсумен қамтамасыз етілді. Азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, көрпе-төсек, балаларға қажет заттар секілді керек-жарақты Шымкенттің көптеген тұрғындары да жеткізуде. Азық-түлік эвакуация пунктеріне автокөліктермен жеткізілуде.

 

Эвакуациялық пунктер көбейді

 

Арыстан келіп жатқан тұрғындар санының көбеюіне байланысты Шымкенттегі эвакуациялық пунктердің саны 31-ге дейін көбейді. 25 маусым күнгі сағат 12:40-тағы мәлімет бойынша Шымкенттегі эвакуациялық пунктерге 2366 адам қабылданған. Бұған қоса тұрғындар мешіттер мен жатақханаларға орналастырылған, қала тұрғындары да арыстықтарды өз үйлеріне қонуға алып кетуде.

Шұғыл желі іске қосылған

Бұған қоса қазіргі таңда Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінде 8 (7252) 44-94-72 шұғыл желісі жұмыс істеп тұр. Эвакуациялық пунктердің жетекшілерінің телефондары арқылы да осы пунктердегі азаматтар туралы барлық мәліметті білуге болады. 25 маусым күнгі сағат 12:40-тағы мәлімет бойынша шұғыл желіге барлығы 47 365 қоңырау түскен.

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында "Арыс-Шымкент" арнайы бөлімі ашылып, сағат сайын қауіпсіз жерге көшірілген адамдар туралы мәліметтермен толықтырылуда, бұған қоса эвакуация пунктерінің мекенжайы, ондағы өкілдердің байланыс телефондары мен жоғалған Арыс тұрғындары туралы мәлімет жарияланған.

10 арнайы жедел жәрдем бригадасы бөлінді

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан 10 арнайы жедел жәрдем бригадасы құрылды. Стационар мекемелерде зардап шегушілерге арналған қосымша 260 орын құрылды.

25 маусымдағы мәлімет бойынша Шымкент қаласындағы ауруханаларға 96 адам келген, арасында балалар да бар. Дәрігер көмегіне жүгінгендердің арасынан 22 адам ауруханаға жатқызылып, екі адамға операция жасалды.

 

Барлық науқастарға аурухана қызметкерлері көмек көрсетіп, зардап шегушілерге психологиялық көмек көрсетілді.

 

Көмек сұрағандардың ең көбісі (74 адам) қалалық №1 клиникалық ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуі ауыр халде болды.

Шымкенттік дәрігерлер 57 жастағы Шәрбану Қожықованың өмірін сақтап қалды. Ол снарядтан жарақат алып, шат сүйектері сынған. Ауруханаға жеткізілген кезде науқас көп қан жоғалтқан болатын, операция өте күрделі болып, 2 сағатқа созылды. Отаны қалалық №1 клиникалық аурухананың дәрігері Данияр Оразбаев жасады. Қазіргі таңда науқас жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр.

Қалалық орталық мешіт пен "Бекжан" базарында 4 жедел медициналық жәрдем көлігі кезекшілікте тұрды. Теміржол вокзалында медициналық пункт ашылып, құрамындағы дәрігер мен екі медбике тәулік бойы жұмыс істеді. 122 қан, 165 плазма, 221 криопреципит дозасы әзірленген.

Бұған қосымша Арыс тұрғындары үшін №2 оңалту орталығында - 10 орын, №1 оңалту орталығында - 20 орын, "Ана мен бала" оңалту орталығында - 17 орын, Балалар үйінде 10 орны қарастырылған. "Медикер" секілді жекеменшік клиникалар да қосымша орындар ұсынып отыр.

Көмек көрсету - қала әкімінің бақылауында

Арыс тұрғындарына көмектесу іс-шараларының барысы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бақылауында. Әкім эвакуация пунктерінде болып, тұрғындармен әңгімелесті. Адамдар орналастырылған мектептерге Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, "Nur Otan" партиясы Шымкент қалалық филилалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов та барды.

Төтенше жағдайға Шымкенттің көптеген тұрғындары мен белгілі кәсіпкерлер де бей-жай қарай алмады. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Қайрат Молдасейітовтың бастамасымен Арыс тұрғындарына қаржылай көмек қоры құрылды. Кәсіпкердің өзі бас болып қорға 10 миллион теңге аударып отыр. Депутат Шыңғыс Қозбахов 2 миллион теңге аударды. Бұған қоса қаладағы көптеген мекемелер, атап айтқанда Shymkent ӘКК, Кәсіпкерлер палатасы, жеке құрылымдардың ұжымдары бір күндік жалақыларын аударды. 

25 маусым күнгі мәлімет бойынша қауіпсіз жерге көшіруге байланысты адасып қалған барлық балалар табылып, ата-аналарына табысталды.

Еріктілер де көмектесуде

Қазіргі таңда Көрме орталығы мен түрлі ұйымдарда азық-түлік пен киім-кешек секілді қажет заттар жиналуда. Қаладағы жағдайды бақылау үшін патруль қызметі ұйымдастырылған. Зардап шеккендерге көмектесуде 500 ерікті жұмылдырылған.

Арыс тұрғындарының басына төнген жағдай тек өңіріміздің ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын біріктірді. Мыңдаған тұрғынның қайғысы миллиондаған қазақстандықтарды біріктірді. Шымкенттіктер де жерлестеріне қол ұшын созуда. Қайырымдылықтарын сөзбен емес, нақты іспен көрсетіп жатыр.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная