Шымкенттің Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттердің орындалуы жөнінде мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қалада әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау және білім беру саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2025 жыл "Жұмысшы мамандықтар жылы" болып жариялануына байланысты Шымкентте еңбек нарығын дамытуға айрықша назар аударылып отырғаны айтылды. Жыл басынан бері ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 160-тан астам жұмыс беруші 1 800-ден астам тұрақты қызмет ұсынды. Нәтижесінде 223 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, тағы 63 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Сонымен қатар 11 мыңнан астам оқушы мен студент "Электронды еңбек биржасы" арқылы еңбек дағдыларын меңгеріп, арнайы сертификат алды.
Әкім орынбасарының айтуынша, әлеуметтік қорғау саласында биылғы жылы 7,5 млрд теңге бөлініп, 4 684 отбасыға 1,6 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген. Бұдан бөлек, 4 242 балаға ай сайын қосымша төлем төленіп келеді. Әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға азайған. Бұл — қолдау шынымен мұқтаж жандарға бағытталғанын көрсетеді. Осы мақсатта "FSM Social" мобильді қосымшасы енгізіліп, отбасылардың әл-ауқаты балдық жүйе арқылы бағалануда.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар жаңалықтар бар екені айтылды. Қала тұрғындарының 82,5 пайызы міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қосылды. Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмекті тегін беруді жеңілдететін QR-код жүйесін пайдалана бастады. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа емханалар іске қосылып, медициналық қызмет қолжетімді бола түсті.
Әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек білім беру жүйесінде "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында 150-ден астам іс-шара өтіп, 18 мыңнан астам студент пен оқушы қамтылғанын айтты. Еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтар атласы жасалып, 3 мамандыққа лицензия берілді. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде 12 жаңа мектеп ашылып, 10 білім нысаны күрделі жөндеуден өтті. Балабақша жүйесінде ваучерлік қаржыландыру енгізіліп, ата-аналар үшін кезек пен төлем жүйесі толығымен цифрландырылды.
Тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалмаған. Соңғы үш жылда 7 500-ден астам азаматқа жалдау ақысына субсидия төленді. Бұл бағдарлама көпбалалы және толық емес отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, жетім балалар мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарды қамтиды.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, Шымкент қаласында қолға алынған барлық бастамалар Мемлекет басшысының әділетті қоғам құру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және жаңа мүмкіндіктер ашу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған.