ПОДЕЛИТЬСЯ
28 мамыр 2021 | 18:02
Сот LRT ісі бойынша шығарған үкімін түсіндірді
2021 жылдың 28 мамырында Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты LRT, BRT/ITS жобаларын іске асыру кезіндегі ақша жымқыру ісі бойынша айыптау үкімін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
2021 жылдың 28 мамырында Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты LRT, BRT/ITS жобаларын іске асыру кезіндегі ақша жымқыру ісі бойынша айыптау үкімін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотталғандар:
- "Астана қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" ММ бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов - аса ірі мөлшерде ақша жымқыруға көмектескені, қызмет бабын пайдалана отырып ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін;
- MG-Pro директоры (жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуші) Дәурен Әбдіхамитов - аса ірі мөлшерде ақша жымқыруды ұйымдастырғаны, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін;
- "Nur Trade Astana" ЖШС директоры (жобаны басқару жөніндегі кеңесші) Ұлықбек Ачилов - аса ірі мөлшерде ақша ұрлауға көмектескені, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін;
- "Геобур" ғылыми-өндірістік фирмасы" ЖШС (қосалқы мердігерлік ұйым) директоры Тимур Қасабаев, Астана әкімдігі қаржы басқармасының бұрынғы бастығы Жанат Нұрпейісов (бұрынғы депутат және қалалық мәслихаттың хатшысы), "Астана Инновейшн" АҚ басқарма төрағасы Талғат Әшім, "Rimteks" ЖШС директоры Дулат Мусенов - аса ірі мөлшерде ақша ұрлауға көмектескені үшін.
"Заң соттан істі тек сотталушыларға қатысты және тағылған айып шегінде қарауды талап етеді. Басқа адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға, ҚР ҚК-ның неғұрлым ауыр бабы бойынша соттауға тыйым салынады", - делінген сот хабарламасында.
Сотта белгіленді:
"Астана әкімдігінің жауапты тұлғалары мен "Астана LRT" ұйымдасқан қылмыстық топ құрғанын. (Халықаралық іздестіруге байланыс кейбір мүшелеріне қатысты іс жеке өндіріске бөлінді. Әзірше оларға қатысты сот үкімі шыққан жоқ, олардың аты-жөнін жария етуге болмайды).
Қылмыстық топтың мақсаты - "Астана LRT" (жаңа көлік жүйесін салу) жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, консультациялық қызметтер көрсетуге және техникалық қадағалауға бөлінген ақша қаражатын жымқыру. Ол үшін қылмыстық топқа Нұр-Сұлтан әкімдігінің лауазымды тұлғалары, "Астана LRT" және жеке компанияларының директорлары тартылды", - деді соттағылар.
Сот мәліметі бойынша, қылмысты ұйымдастырушылар Аманжолов пен Нұрпейісовтің қатысуымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, техникалық қадағалау, кеңес беру қызметтеріне жоғары шығындарды бекіткен.
"Өз кезегінде, мердігер ұйымдар директоры Ачилов, Қасабаев, Мусенов, Әбдіхамитов қосалқы мердігер компаниялармен жоғары баға бойынша жалған шарттар жасасып, жалған кәсіпорындар арқылы бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырды, Нұрпейісов пен Әшім экономикалық қорытындыларды бекітті. Тапсырыс берілген қызметтердің құны 20 еседен аса өсті. Шарттарда көзделмеген қызметтер төленді. Қызметтер іс жүзінде толық көлемде орындалмаған. Нәтижесінде мемлекетке 5,8 миллиард теңгеден аса шығын келген", - делінген хабарламада.
Сотталушылардың кінәсі қалай дәлелденді:
Сот мәліметі бойынша, қылмыс жасаудағы кінә куәгерлер айғағы, шот-фактуралар, банк шоттарынан есеп, шарттар, жүкқұжаттар, қол қойылған актілермен дәлелденген. Көптеген сараптама қорытындылары жалған актілерді анықтады, олардың негізінде төлем аударылған. Актілерге нақты орындалмаған жұмыстар, қызметтер енгізілген. Сараптамалар мен жүргізілген аудит залал сомасын есептеді.
LRT жобасын іске асыру кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша сотталушыларға шығарылған үкімді мына жерден оқи аласыз.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также