ПОДЕЛИТЬСЯ
20 желтоқсан 2018 | 17:55
Іссапардағы әскерилер пойызда сырқаттанған үш адамға көмектесті
Іссапардағы әскерилер пойызда сырқаттанған үш адамға көмектесті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының өкілі майор Данара Баймағанбетоваға сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Іссапардағы әскерилер пойызда сырқаттанған үш адамға көмектесті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының өкілі майор Данара Баймағанбетоваға сілтеме жасап.
Кезекті жас толықтыруларды (әскерге жаңадан алынатын сарбаздар) әкелу үшін Шымкенттен Қарағанды қаласына сапарға шыққан 6698 әскери бөлімінің әскерилері 18 желтоқсанда "Түркістан - Астана" бағытымен жүретін № 176 пойызға отырған.
Пойыз Шымкент қаласының аумағынан шыға бергенде майор Ескендір Сараубеков көрші купедегі жасы алпыстан асқан әженің қатты ауырып отырғанын байқап, хал-жағдайын сұрайды. Көрші апаның сырқаты ауыр екенін түсінген Ескендір Өмірбайұлы өз тобында келе жатқан әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығы аға лейтенант Қуаныш Ахметовке мән-жайды айтып, көмек беруін сұрайды. Әскери дәрігер жағдайды анықтап, тиісті медициналық көмек көрсеткен соң, жолаушы апаның денсаулығы қалыпқа келіп, әдәуір жақсарып қалады. Жолаушылап шыққан Қарағанды қаласының тұрғыны, 1957 жылғы Серікжамал Абдраева үйіне қайтып келе жатқанда, созылмалы демікпесі асқынып, үнемі өзімен бірге алып жүретін дәрісі таусылып, жол бойында дем жетпей, қиналып қалған екен. Әскери дәрігердің көмегінен кейін тыныс алуы түзеліп, жағдайы жақсарған ана Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне алғысын жаудырды", - дейді Данара Баймағанбетова.
Дәрігерлік көмекті қажет етушілер бұл пойызда осымен аяқталмаған екен. Ұландықтар келе жатқан 9-вагонға жас баламен жолаушылап келе жатқан келіншек отырады.
"Қыстың күні сәби тұрмақ, үлкен адамға да жолаушылап жүру оңай емес екені белгілі. Ағзасы әлсіз бүлдіршінге суық тиіп, қатты жөтеліп, мазасы болмай келе жатқанын көрген біздің дәрігер тағы көмекке келеді. Тиісті ем-домын жасаған соң, бала да тынышталып, балбырап ұйқыға кетеді. Анасы Салтанат Маметқұлованың да көңілі жайланып, Қуаныш Бекентайұлына ризашылығын білдірді", - дейді Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының өкілі.
Сол күні түн ортасында ұйықтап жатқан әскерилерді пойыз басшысы Бота Насибулаева оятып, 18-вагонда дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп жатқан жолаушы қызға көмек берулерін сұрайды.
"Пойызда әскери дәрігердің келе жатқандығы, оның біраз адамға ем-дом жасап, көмек бергендігі жайында жолаушылар мен пойыз әкімшілігі құлағдар болып үлгерген екен. Аға лейтенант Қуаныш Ахметов дәрі-дәрмегін ала сала, 18-вагонға қарай асығады. Қызуы қатты көтерілген бойжеткен қыз ес-түсін білмей сандырақтап жатыр екен. Біздің дәрігер алдымен дене қызуын түсіру шараларын жасайды, содан кейін сырқаттың өкпесін тыңдап, ем-шараларын тағайындаған соң, пойыздан түсе сала, ауруханаға баруға кеңес береді. Бойжеткеннің аты-жөні белгісіз қалды", - дейді ол.
Іссапармен шыққан (Ұлттық ұланға қарасты) 6698 әскери бөлімінің әскери қызметшілері: майор Ескендір Сараубеков, майор Нұржан Баденов, аға лейтенант Қуаныш Ахметов, 3 сыныпты сержант Бауыржан Тоқмағанбетовтер жол бойына жолаушыларға көмек беріп, алғыс арқалап, Қарағандыға жетеді. Олардың алдында тұрған міндет - Қарағанды облысынан мерзімдік қызметін Ұлттық ұланда атқарамын деген бозбалаларды іріктеп, өз әскери бөлімдеріне алып келу.
"Жоғарыда айтып өткеніміздей, білікті маман офицерлері барда, Ұлттық ұланда сарбаздардың алаңсыз қызмет ететініне сенімдіміз!", - деп түйіндеді Ұлттық ұлан өкілі.
Показать комментарии
Читайте также