ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 15 шілде 2026 18:50
“Степногорскіде тыныс алу мүмкін емес“: Ақмола облысында бір тәулікте 10 табиғи өрт болды
Ақмола облысының тұрғындары Степногорскіден 40 шақырым жердегі Бөгенбай ауылы маңында ірі табиғи өрт шыққанын айтты. Өңірлік ТЖД жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Tengrinews.kz редакциясына Ақмола облысының тұрғындары хабарласып, Бөгенбай ауылы маңындағы ірі табиғи өрт туралы айтты. Олардың сөзінше, қою түтін ондаған шақырым жерден көрінген.
"Бөгенбай маңында қатты өрт шығып, қалада тыныс алу мүмкін болмады. Бұл ауыл Степногорскіден 40 шақырым жерде орналасқан, мен онда бала кезімнен 20 жыл тұрдым. Тұрғындар қазір қаланың өзінде демалу қиындап кеткенін айтып жатыр", – деді қыз.
Куәгерлердің айтуынша, өртті сөндіруге бірнеше елдімекеннен өрт сөндірушілер тартылған. Сондай-ақ тұрғындар өрт түні бойы жалғасқанын және оны ауыздықтауға 70-ке жуық адам жұмылдырылғанын жеткізді.
Оқиға орнында 200 адам мен 30 техника жұмыс істеп жатыр
Степногорск өңірінің әкімдігі өрт 14 шілдеде найзағайдан кейін басталғанын хабарлады. Билік мәліметінше, Бөгенбай ауылдық округі аумағындағы бірнеше жерде құрғақ шөп жанған.
"Оқиға орнында ТЖД, ТЖМ 55209 әскери бөлімі, жергілікті атқарушы органдар, "Степногорск тау-химия комбинаты" АҚ, "SSAP" ЖШС, мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет және "Ауыл құтқарушылары" бөлімшелерінің күш пен құралдары жұмыс істеп жатыр - барлығы 200-ге жуық адам мен 30 техника. Сондай-ақ "Қазавиақұтқару" және "Қазавиаорманқорғау" мекемелерінің екі тікұшағы жұмылдырылды. Елдімекендерге қауіп төнуіне жол берілген жоқ. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ", – деп хабарлады өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар әкімдік қазіргі уақытта елдімекендерге қауіп жоқ болғандықтан, тұрғындарды эвакуациялау жүргізілмейтінін нақтылады.
Бір тәулікте 10 өрт
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті кейінгі тәулікте ғана өңірдің төрт ауданы мен Степногорскіде 10 құрғақ шөп өрті тіркелгенін хабарлады.
"Қазір Ақмола облысы аумағында өрт қаупінің төртінші класы жарияланған. Кеше найзағай өте көп түсті, соның салдарынан құрғақ шөп жанды. Өрт Ақкөл, Астрахан, Бурабай, Ерейментау аудандарында және Степногорскіде тіркелді. Он өрттің сегізі толық сөндірілді, қазір Степногорск маңындағы құрғақ шөп өртін сөндіруді жалғастырып жатырмыз", – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар ТЖД әлеуметтік желілерде тараған "тілсіз жау елдімекендерге таяп қалды" деген ақпаратты теріске шығарды. Ведомство мәліметінше, өрт тоқтатылды, тұрғын үйлер зардап шеккен жоқ.
"Кеше әлеуметтік желілерде өрт үш елдімекенге жақындап қалды деген ақпарат пайда болды. Бұл шындыққа жанаспайды. Өрт тоқтатылды, ол елдімекендерге жеткен жоқ. Өрттен зардап шеккен тұрғын үйлер жоқ. Қазіргі уақытта қауіп толығымен сейілді".
Сондай-ақ ТЖД өкілдері тұрғындар хабарлаған Бөгенбай ауылы маңындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, өрт расында ауылға жақын жерде болған, бірақ қазір елдімекенге қауіп төніп тұрған жоқ.
"Өрт Бөгенбайдан шамамен 4-5 шақырым жерде болды, бірақ қазір ол жерде жалын жоқ. Ауыл маңындағы өрт сөндірілді, бірде-бір үй зардап шеккен жоқ. Өрт түнде болғандықтан, жалын мен түтін жақын көрініп, адамдар қорыққан. Қазір өртті сөндіру жұмыстары әлі жүріп жатыр, бірақ ол ауылға таямайды", – деп толықтырды департамент.
Сондай-ақ ТЖД нақты аумағы өрт толық ауыздықталғаннан кейін белгілі болатынын хабарлады. Бұл ретте мамандар адам факторын жоққа шығармайды.
"Бұл өрттердің негізгі себебі – найзағай. Дегенмен, біз адамның немқұрайлылығынан: сөндірілмеген темекі тұқылы, сіріңке және басқа да от көздерінен шыққан өрттерді де тіркеп жатырмыз. Сондықтан тұрғындардан қауіпсіздік мәдениетін сақтауды және өртті байқаған жағдайда әлеуметтік желіге видео түсірмей, бірден 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласуды сұраймыз", – деп қосты баспасөз қызметі.
Бұған дейін ТЖМ 14 шілдеде өрт сөндірушілер Ақмола облысы аумағында үш құрғақ шөп өртін сөндіргенін хабарлаған болатын. Толығырақ – мына жерден оқыңыз.
Тағы оқыңыз: Ақмола облысында бір түнде бірнеше құрғақ шөп өрті сөндірілді
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу