ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 23 шілде 2026 08:29
Ірімшікпен тамақтану қазақстандық үшін клиникалық өліммен аяқталды
Солтүстік Қазақстан облысында жедел жәрдем бригадасы чечил ірімшігіне шашалып, асфиксия салдарынан клиникалық өлім жағдайында болған 50 жастағы ер адамды аман алып қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Облыстық жедел медициналық көмек орталығының баспасөз қызметі хабарлауынша, 103 пультіне шақырту Қызылжар ауданының Бескөл ауылынан түскен. Шақырту себебі: ер адам демала алмай жатыр.
"Оқиға орнына жедел түрде құрамында Айдар Омаров, Павел Кузурман және жүргізуші Бақыт Валеев бар фельдшерлік жедел медициналық көмек бригадасы аттанды. Бригада жеткен бойда науқас клиникалық өлім жағдайында болды, ЭКГ мониторында тамыр соғысы байқалмады", - деп мәлімдеді медициналық мекеме.
Фельдшерлер ACLS стандарты бойынша реанимациялық шараларды бастады: жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс алу аппаратына қосты және вена ішіне адреналин екті.
Тікелей ларингоскопия кезінде фельдшерлер бөгде затты – чечил ірімшігін тауып, сыртқа шығарды. Осыдан кейін науқастың ұйқы артериясында тамыр соғысы пайда болғанымен, тыныс алуы қалпына келмеді және ол есін жимады.
Сол кезде мамандар реанимациядан кейінгі шараларды жүргізді: интубациялық түтік арқылы тыныс алу жолдарының өткізгіштігін қамтамасыз етіп, өкпені жасанды желдетуді жалғастырды, сондай-ақ дәрілік заттар екті.
"Ауруханаға жеткізу кезінде науқас өздігінен тыныс ала бастады. Ол "жеңіл есеңгіреу" ес-түс деңгейімен Қызылжар аудандық ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", - деп хабарлады облыстық жедел медициналық көмек орталығы.
Медициналық мекеменің баспасөз қызметі ер адамды құтқарушылар туралы да егжей-тегжейлі айтып берді.
"Айдар Омаров - 2025 жылы Ақтау қаласында өткен жедел медициналық көмек бригадаларының республикалық чемпионатының жүлдегері. Ол өз білімін әріптестерімен белсенді бөліседі. Павел Кузурман BLS, ACLS, PALS, PHTLS, NRP халықаралық стандарттары бойынша трейсер түріндегі оқыту мен аттестациядан бірнеше рет сәтті өткен. Бақыт Валеев жедел медициналық көмек кезеңінде науқастар мен зардап шеккендерге көмек көрсетуге белсене қатысады", - деп хабарлады орталық қызметкерлер туралы.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу