Павлодар облысында Әділет департаменті басшысының орынбасарын қоластындағы қызметкерлермен өктем сөйлескені үшін жазалау ұсынылды. Қызметкерлердің шағымы қызметтік тергеу барысында расталған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ирбис TV"-ге сілтеме жасап.
Бұл мәселе Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Айдын Сәменқұловтың қоластындағы қызметкерлер шенеунік өткізген жиналыстардың бірінде жазылған аудионы ұсынған. Жазба шағымдарды тексеруге негіз болған.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі Амангелді Хамзиннің айтуынша, әңгіме былапыт сөз туралы емес, сөйлесу мәнері туралы болып отыр.
"Әрине, онда балағат сөз жоқ, ол дұрыс, олай істеуге де болмайды. Бірақ "Сіз кім едіңіз?", "Сіздің атыңыз кім?" деген сияқты тәкәппарлық бар, бір нәрсені 10 рет сұрайды. Бұл не деген сөз? Кем дегенде 4 жыл бірге жұмыс істеп жүрген қызметкерді жаттап алуға болар еді ғой. Яғни, мемлекеттік қызметшіге жат өктемдік байқалады", - деді Амангелді Хамзин.
Жүргізілген тексеріс әдепке жат мінез-құлық деректерін растады. Соған қарамастан, Айдын Сәменқұлов өзі кінәсін мойындаған жоқ. Ол шағым тек бір бөлімнің қызметкерлерінен түскенін, ал қалғандары оның жұмысын жоғары бағалайтынын алға тартты.
Сондай-ақ, шенеунік бұл жағдайды өзінің кәсіби қызметімен және жақын арада түскен лауазымдық ұсыныстармен байланыстырды.
"Бұл жайдан-жай емес. Бәлкім, бұл жерде айту орынсыз шығар, бірақ бұл менің жұмысыма қатысты. Оқудан келгеннен кейін Әділет министрлігі маған басқа облыстан, басқа өңірден қызмет ұсынды, мен одан бас тарттым. Мұның бәрі сонымен байланысты деп ойлаймын", - деді Сәменқұлов.
Кеңес шешімі
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мұндай мінез-құлыққа, әсіресе қоластындағы қызметкерлерге қатысты, жол беруге болмайтынын атап өтті. Оған қарым-қатынаста ұстамды болу және ұжымдағы кикілжіңдерге жол бермеу ескертілді. Кеңес оған қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.