Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде жаңа технологиялар мен экономикалық дамудың әлемдік тәртіпті қалай өзгертіп жатқаны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тоқаев Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.
"Мақсатымыз – дербес білім беруге ден қоя отырып, педагогтердің біліктілігін арттыру, инфрақұрылым мен оқу стандарттарын дамыту. Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ынтымақтастыққа ашық", - деді Президент.
Мемлекет басшысы сауда мен логистикада жасанды интеллектіні қолдану мәселесіне де тоқталды.
"Менің ойымша, жаңа технологияларды, әсіресе, жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді енгізу аса маңызды. Кедендік рәсімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейткен жөн. Бұл нақты уақыт режимінде барлық құжатты тез өңдеуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектеседі.
"Өнеркәсіп кооперациясын кеңейтуде жасанды интеллектінің сараптамалық әлеуетін пайдаланудың практикалық маңызы зор. Елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне интеллектуалды жүйелерді енгізуге басымдық беру қажет. Жаңа технологияларды белсенді әрі жан-жақты қолдану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикасының қарқынды дамуына септігін тигізетін аса маңызды фактор деп санаймын", - деді Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы "цифрлық алшақтыққа" себеп болмауы керектігін баса айтты.
"Сонымен қатар жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы "цифрлық алшақтыққа" себеп болмауы керек. Керісінше, ол елдеріміздің экономикаларын байланыстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуға тиіс", - деді Президент.
Сондай-ақ Тоқаев одақ мүшелері жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдап жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл құжатқа 2025 жылғы желтоқсанда өзі бастамашы болған.
"Аталған құжаттың басты мақсаты – одаққа мүше елдердің экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету", - деді Мемлекет басшысы.
Президент ЕАЭО елдеріне құжатты әзірлеуге және қабылдауға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
"Орайлы сәтті пайдаланып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына осы маңызды құжатты әзірлеуге және қабылдауға қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа технологиялық және экономикалық қалып негізінде қайта құрылып жатқан әлемдік тәртіптің қазіргі кезеңі елдерімізге бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Келешектегі позициямызды нығайту үшін оны ұтымды қолданған жөн. Біз осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермей, барынша пайдалануға міндеттіміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік: 28 мамырда Астанада V Еуразиялық экономикалық форум өз жұмысын бастады.
Мәртебелі меймандар қатарында Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар бар.
Биыл халықаралық пікірталас алаңында "Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру" тақырыбы талқыланып жатыр.