Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанның логистикасына айтарлықтай әсер ете қоймайды, алайда мұнай бағасының құбылуы ұлттық валюта бағамына ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы мәжілістегі брифинг барысында премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанның негізгі логистикалық бағыттары Ресей мен Украина арасындағы ұзаққа созылған қақтығысқа байланысты геосаяси тәуекелдерге әлдеқашан бейімделген.
"Парсы шығанағына келсек, бұл бағыттағы логистика біз үшін басым болған жоқ. Парсы шығанағы порттарын өте сирек пайдаландық. Жөнелтілімдер болды, бірақ әсер ететіндей деңгейде емес", - деді Жұманғарин.
Премьер-министрдің орынбасары бұл өңір арқылы өтетін бағыттар инфрақұрылымның жай-күйі мен бірнеше ел арқылы транзитке байланысты күрделі екенін айтты.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы мұнай бағасы арқылы экономикаға әсер етуі мүмкін екенін растады.
"Мұнай бағасының құбылуы, әрине, бағамға, бағам айырмасына әсер етеді. Сондықтан бағамның құбылмалылығы жақсы нәрсе емес. Біз бұл мәселені Ұлттық банкпен бірге қарастырамыз", - деді ол.
Премьер-министр орынбасарының айтуынша, елге экономикалық жобаларды іске асыру үшін бағам тұрақтылығы маңызды.
"Мәселе теңгенің нығаюында емес, құбылмалылықта. Құбылмалылық әрдайым алаңдаушылық тудырады, ал бізге тұрақтылық қажет", - деді Серік Жұманғарин.
Таяу Шығыстағы қақтығыс
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив соққының мақсаты Тегеран ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жоюға ниет білдірді.
Жексенбіге қараған түні Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны жарияланды.
Тегеран жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы Америка базаларына шабуыл жасады.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп New York Times газетіне берген сұхбатында АҚШ әскери күштері қажет болған жағдайда Иранға шабуылды төрт-бес апта бойы жалғастыруға ниетті екенін айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!