ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 15 шілде 2026 09:11
Тек мұнай емес: Қазақстан экономикасының өсуіне не ықпал етті?
Қазақстандық және шетелдік сарапшылар бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының 4,1 пайызға өсуінің негізгі факторларын атады, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Олардың пікірінше, оң динамика елдің экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу және заманауи өндірістерді дамыту жолында жүйелі түрде келе жатқанын көрсетеді.
Өсім шағын болса да, көп нәрсені аңғартады
Халықаралық экономикалық қатынастар және макроэкономика саласындағы әзербайжандық сарапшы Эмин Гарибли бірінші жартыжылдықтағы экономиканың негізгі салаларының динамикасы тұрақты өсімнің сақталуын растайды деп санайды.
"Егер бұрын экономикалық өсімнің 1–2 пайыз деңгейі төмен көрсеткіш деп есептелсе, бүгінде бірқатар себепке байланысты көптеген ел үшін тіпті мұндай нәтижелерге қол жеткізу өте қиын. Қазақстан экономикасы, керісінше, өзгеше динамика көрсетіп, айтарлықтай сенімді дамып келеді. Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформаларға талдау жасасақ, олардың инвестиция тартуға бағытталғанын атап өтуге болады. Мен бәсекелестік күресте Қазақстан экономикасы бірқатар көршілес мемлекеттермен салыстырғанда ұтып тұр деп есептеймін. Жүргізіліп жатқан либералды қаржы саясатының арқасында экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамытуға қолайлы жағдайлар жасалып жатыр", - деп атап өтті сарапшы.
Қазақстан экономикасын алға не жылжытып отыр?
Бірінші жартыжылдықта нақты сектор экономика өсімінің негізгі драйвері болып қала береді. Қаңтардан мамырға дейін оның көрсеткіші 4 пайыздан 5,1 пайызға дейін өсті. Қызмет көрсету саласы да 3,5 пайызға артып, тұрақты динамика көрсетіп отыр.
ІЖӨ өсіміне негізгі үлесті – шамамен 85 пайызды – мұнайдан тыс сектор қамтамасыз етті. Биыл оның даму қарқыны тұрақты түрде 5 пайыздан асып түскен. Ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және байланыс салаларында тіркелді.
Саясаттанушы Эдуард Полетаев бұл макроэкономикалық көрсеткіштер экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, елді жаңғырту мен цифрландыруды жеделдетуге деген ұмтылысты білдіретінін атап өтті.
"Қазақстан біртіндеп шикізат секторына тәуелділікті азайтып келеді. Бұл процесс уақытты қажет етеді, алайда бұл бағыттағы қозғалыс қазірдің өзінде байқалады. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 10 пайызға жақындап қалды, бұл - оң нәтиже. Жалпы алғанда бюджет кірістері өсті, көлеңкелі экономиканы қысқарту жұмыстары күшейді, сауда дамып келеді. Негізгі міндет - ел дамуының оң траекториясын бекіту. Президент пен Үкімет дәл осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін саяси ерік-жігер, нақты стратегиялық пайым және лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігі қажет, бұл туралы премьер-министр де айтқан болатын", – деді Полетаев.
Сауда, ауыл шаруашылығы және экспорт та өсіп жатыр
Дәстүрлі түрде агроөнеркәсіптік кешен өсімнің негізгі драйверлерінің бірі болып қала береді. Бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі 3,6 пайыздан 4,4 пайызға дейін өсті. Экспорт көлемі де өсуін жалғастырып жатыр. Қаңтардан сәуірге дейін ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға артып, 3 миллиард долларға жетті. 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 7,2 миллиард долларға жеткізу жоспарланған.
Саудаға келетін болсақ, бір жыл ішінде оның көлемі 15 пайыздан астам өсіп, 36,2 триллион теңгені құрады. Болжам бойынша, 2026 жылдың соңына қарай сауда көлемі 40 триллион теңгеге дейін өсуі тиіс.
Сыртқы саудада да оң динамика сақталып отыр. Тауар айналымы 56,3 миллиард долларды құрады. Экспорт 30,4 миллиард долларға жетті, оның 11,8 миллиарды өңделген тауарларға тиесілі. Импорт 26 миллиард долларды құрады, соның арқасында сыртқы сауданың оң сальдосы 4,4 миллиард доллардан асты.
Инфляцияның баяулауының негізгі факторы
Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және жаңа өндірістерді іске қосу еңбек нарығына тікелей әсер етеді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша елде 9,4 миллион адам жұмыспен қамтылды. Тәуелсіз сарапшы Зарина Есбулатова бұл да инфляцияны тежеуші факторлардың бірі екенін атап өтті.
"Кейінгі жылдары Қазақстан инфляцияны баяулатуда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізе алды. Бұл мәселеде еңбек нарығы маңызды рөл атқарады: жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыссыздықты азайту халықтың табысы мен ішкі сұранысты қолдайды. Өндірістің жоғары көрсеткіштері, еңбек өнімділігінің артуы және жалақының өсуі халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды факторлары. Үкімет экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіпті дамыту, цифрландыру, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестиция тарту бағытындағы курсты дәйекті түрде жүзеге асырып жатыр. Бұл бағыттар Қазақстанның тұрақты дамуының ұзақ мерзімді міндеттеріне сәйкес келеді", – дейді Есбулатова.
Айта кетейік, Үкімет ІЖӨ-ні арттырудың негізгі құралы ретінде экономикалық өсімнің белсенді саясатын іске асыруды көріп отыр. Экономиканың ең перспективалы салаларында инновациялық жобалар пулы қалыптастырылды, ал 40 халықаралық компания серіктестікке қызығушылық танытты.
Еске сала кетейік, премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беріп, экономиканы одан әрі әртараптандыру жоспарымен таныстырды. Мемлекет басшысы бірқатар тапсырма берді – атап айтқанда, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салудың ауқымды бағдарламасын іске асыруды тапсырды.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу