Теміртауда мемлекеттік балабақша айналасында дау туындады. Ата-аналар сабақ кезінде тәрбиешінің кішкентай қызға қол көтергенін көріп қалған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК-ға сілтеме жасап.
Мектепалды даярлық тобындағы камера жазбасын көрген ата-аналар шошып қалған. Кадрларда педагог жазу ережесін түсіндіріп жатып, 6 жасар қыздың маңдайынан жұдырығымен бірнеше рет ұрғаны көрінеді. Бұл кезде тәрбиешінің ашуланып, балаға дауыс көтергені де байқалады.
Бейнежазбаның желіге қалай тарап кеткені әзірге белгісіз. Оқиғадан кейін тәрбиеші бірден жұмыстан шығарылды, ал балабақша директорына сөгіс жарияланды.
"Бұл дерек бойынша Теміртау қаласының білім бөлімі комиссия құрып, оқиғаның мән-жайын жан-жақты, объектив және толық анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша тәрбиеші бап бойынша жұмыстан босатылды", — деп хабарлады Теміртау қалалық білім бөлімінің басшысы Халипа Жаудинова.